«Қоғамдық бақылау туралы» Заң қоғамдық бақылау нысандарын шектемейді – Данияр Қадыров
«Қоғамдық бақылау туралы» заң қоғамдық бақылау нысандарын шектемейді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров айтты айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында вице-министр осы жылдың 2 қазанында Мемлекет басшысы қол қойған «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның негізгі тұстарын түсіндірді.
«Заң Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді. Біріншіден, Заңда қоғамдық бақылау, субъектілер мен объектілер, қоғамдық бақылауды жүзеге асырудағы мүдделер қақтығысы, қоғамдық бақылау нәтижелері туралы қорытынды құжат, қоғамдық бақылау тобы, сондай-ақ дәлелді жауап ұғымы берілген. Қоғамдық бақылау объектілері мен субъектілері анықталды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, екіншіден, Заң қоғамдық бақылаудың мақсаты мен міндеттерін анықтайды. Қоғамдық бақылау субъектілерінің заңдылығы, жариялылығы, ашықтығы, ерікті қатысуы мен тәуелсіздігі сияқты қоғамдық бақылау қағидаттары белгіленген.
Үшіншіден, Заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылау жеке және қоғамдық бақылау топтарында жүзеге асырылады. Қоғамдық бақылауды іске асыруға 18 жасқа толмаған, өтелмеген соттылығы бар, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған, бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, экстремистік және террористік қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған азаматтар жіберілмейді.
Бұдан басқа, шетелдік қатысуы бар, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдар шектеледі.
Төртіншіден, қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланды.
Бесіншіден, қоғамдық бақылаудың негізгі нысандары ретінде қоғамдық талқылау, қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг ұсынылады. Сонымен бірге, Заң қоғамдық бақылау нысандарын шектемейді. Қоғамдық бақылау ҚР заңнамасында белгіленген басқа нысандарда да жүзеге асырылуы мүмкін.
Алтыншы, қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау регламенті белгіленді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарауға және дәлелді жауап жіберуге тиіс.
«Заң 2024 жылдың 4 сәуірінен бастап күшіне енеді», - деді Данияр Қадыров.