Қоғамдық жұмыстардан жалтарғандарға қатысты заң талабы күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

- Заңда Парламент Мәжілісінде қарау кезінде барлық орталық мемлекеттік органдармен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен 2023 жылғы 18 қазанынан бастап осы жылдың 2 желтоқсанына дейін жұмыс тобының 34 отырысы және 4 көшпелі отырыс өткізілді. Осы кезеңде Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесе отырып, жұмыс тобы аясында 500-ден астам түзетуді талқылады. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша қазіргі уақытта заң жобасының Үкіметтік редакциясы (189 түзету) Парламент Мәжілісі депутаттарының 217 түзетуімен толықтырылды. Оның ішінде 211 позиция қабылданды, ал 6 позиция қабылданбады, - деді Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ.
Оның айтуынша, құжат аясында қоғамдық жұмыстар түріндегі жаңа әкімшілік жаза институтын іске асыру тетігі айтарлықтай пысықталды, қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайлардағы ішкі істер органдарының рөлі күшейтілді.
- 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жаңа кассациялық соттар іске қосылады. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне заң жобасы шеңберінде кассациялық сотта жүгіну мен қайта қараудың бірыңғай қағидаларына бағытталған түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, түзетулер дауды мәні бойынша шешетін сот актілері апелляциядан кейін күшіне енуді реттейді. Қабылдау үшін алдын ала қарауды жою ұсынылады, өйткені бәрі «үздіксіз кассация» қағидаты бойынша жұмыс істеуі керек, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын алқалы құрамның қарауына түсуі қажет. Сонымен бірге, кассация үшін ақылға қонымды мерзімді бекітуге бағытталған, бірақ алты айдан аспайтын түзетулер қабылданды. Кодекстің бірқатар баптарына қатысты Конституциялық Соттың үш нормативтік қаулысын іске асыру үшін түзетулер қабылданды (2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12-НП, 2023 жылғы 13 маусымдағы №19-НП, 2023 жылғы 3 қазандағы №31-НП)», - деді депутат.
Сонымен қатар, заңда «заңсыз баю», инвесторларға қатысты дауларды қарау барысында прокурорлық «сүзгі» мәселелерін реттейтін түзетулер де қамтылды.