Қоғамды әлеуметтік жаңғырту бойынша Қазақстан ұсынған шаралар бірегей - Е.Қанағатов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі елімізде бұқаралық спорт пен дене шынықтыру-спорттық қозғалысты дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасын әзірледі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдірген Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов айтып берді.
«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Президенттің еліміздің халқына жолдаған Жолдауы біздің мемлекетіміздің даму тарихында елеулі кезең болды. Себебі, әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарысқа қарамастан Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің одан әрі дамуын айтып қана қоймай, аса маңызды ел халқын әлеуметтік қолдауға бағытталған бірқатар нақты шараларды атап өтті. Қазіргі сыни қатерлер жағдайларында бірде бір ел қоғамды әлеуметтік жаңғырту бойынша теңдесі жоқ шаралар қабылдамады»,-дейді өз ойын жеткізген Комитет төрағасы.
Бұл ретте, Е.Қанағатов 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға дейін, білім беру қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін өсетінін, ал, осы санаттағы қызметкерлердің арасында дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлері де бар екенін атап өтті.
«Қазір жазғы және қысқы олимпиадалық ойындар бойынша Қазақстан әлемдік спорт державаларының отыздығына кіретінін мақтанышпен айта аламыз, ол туралы Халықаралық Олимпиада комитетінің бейресми рейтинг деректері куәландырады. Бұл біздің Президентіміздің сіңірген еңбегі, өйткені оның тікелей қолдауымен және ілтипатымен елімізде спорт және дене шынықтыру саласы қарқынды дамуда. Қазақстан халқына жыл сайынғы өз Жолдауларында Мемлекет басшысы ел халқы арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударады Мәдениет және спорт министрлігі алдына 2020 жылға қазақстандықтардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын 30% қамтуды қамтамасыз ету бойынша міндет қойылды. Қазір еліміздің дене шынықтыру-спорттық қозғалысына белсенді қатысатын барлық халық пен этностардың саланы қолдауының арқасында 2014 жылғы қорытындылар бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылданатын азаматтардың саны 25%-ға өсті.
Сонымен қатар, спортпен шұғылданатын халықтың үлесін 30%-ға дейін ұлғайту жөніндегі маңызды жалпыұлттық міндеттерді шешудің табыстылығы еліміздегі дене шынықтыру мен спортты дамыту жағдайы мен деңгейіне, патриотизмді, достықты және халық бірлігін дамытуда дене шынықтыру мен спорт мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға байланысты болады»,-деп мәлім етті Е.Қанағатов.
Комитет төрағасының хабарлауынша, қазір Қазақстанда 20-дан аса ұлттық спорт түрі дамуда. Чемпионаттар, кубоктар, республикалық және халықаралық турнирлер өткізіліп тұрады. Оның ішінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан Әлем және Азия чемпионаттары, Қазақстан Республикасының жасөспірімдер ауылдық спорт ойындары, көкпар және аударыспақ бойынша Азия чемпионаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығына халықтық спорт ойындары, «Ақ Бидай» республикалық ауылдық спорт ойындары, Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері фестивалі, Қысқы ауылдық спартакиада мен Қысқы ауылдық жасөспірімдер ойындары ұйымдастырылды.
«Бұқаралық спортты дамытуда спорт инфрақұрылымының, әсіресе ауылдық жерде болуына көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда елімізде 34 931 спорт ғимараты, соның ішінде спорт мектептерін қоса алғанда, 25 673-і білім беру мекемелерінің нысандарына, тек 9 258 нысан дене шынықтыру-спорттық мақсаттағы объектіге жатады. Осыған байланысты ел халқы үшін спорттық және спорттық-сауықтыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында дене шынықтыру-спорттық кешендердің құрылыстарын салу жұмысы жалғасуда. 2014 жылы еліміздің 8 өңірінде: Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында 18 ДСК құрылысы басталды. Олардың ішінде бүгінгі күні 15-і пайдаланылуға берілді, үшеуі жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады. Ел Президентінің спортты жан-жақты қолдауының арқасында әлем, Азия чемпионаттарында және басқа халықаралық дәрежедегі жарыстарда үлкен спорт нәтижелерін көрсететін халықаралық деңгейдегі отандық спортшылар даярланды. Спорт кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру, оларды оқытуды және шетелде, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде тағылымдамадан өту мәселелеріне ерекше назар аударылады»,-дей келе Комитет төрағасы Мәдениет және спорт министрлігі 2016 жылы екі міндетті, атап айтсақ, лицензиялық турнирлерде ұлттық құрама командалардың қатысуын қамтамасыз етіп, 2016 жылы Рио Олимпиадасына барынша көп лицензия ұтып алуды, сондай-ақ, 2017 жылы Алматыда өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға тыңғылықты дайындалуды көздеп отыр деп, сөзін түйіндеді.