Қоғамдық бақылау: Қостанайда мектептер мен балабақшалар тексеріліп жатыр

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Жітіқара ауданындағы қоғамдық бақылау тобы әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық бақылау: Қостанайда мектептер мен балабақшалар тексеріліп жатыр

Қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі Гүлсара Жаманқұлова мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде санитарлық нормалардың орындалуына мониторинг жүргізді. Бақылау тобы аудан әкімдігінің өкілдерімен бірге «Юбилейный», «Балапан», «Дружба», «Қарлығаш» және нөмірі 2, 3 орта мектептердің балабақшаларын тексерді.

«Ересектер арасында инфекцияның жылдам таралуы кезінде балаларымызды вирустан қорғау өте маңызды. Тексеру барысында тәртіпбұзушылықтар анықталған жоқ, барлық жерде дезинфекциялық кілемшелер, санитайзерлер, әлеуметтік қашықтықты сақтау таңбалары бар. Барлық қызметкерлер балаларды бетперде киіп, арнайы қолғаппен қабылдайды. Ата-аналарға топтарға кіруге тыйым салынған. Балалар да, олардың ата-аналары да жаңа жұмыс жағдайларына бейімделді. Осы уақытта жақын адамдардың өмірі мен денсаулығы олардың жеке жауапкершілігіне байланысты екенін барлығы түсінеді», - дейді Гүлсара Жаманқұлова.

Қоғамдық бақылау тобы өңірдің бас санитар дәрігерінің талаптарын сақтау бойынша рейд жұмыстарын жалғастырады.