Қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы айыппұлдардың мөлшері артты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов санитарлық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтілгенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті биылғы 1-тоқсанда санитарлық ережелерді бұзуға қатысты 342 тексеру жүргізіп, кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 6,7 млн теңге болатын 306 айыппұл салды.
Айта кетейік, 2019 жылдың 11 сәуірінен бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске санитарлық ережелер мен нормаларды бұзғандарға салынатын әкімшілік айыппұлдарды көбейтуге қатысты түзетулер күшіне енеді. Айыппұлдар орта есеппен 3 еседен 10 есеге дейін артқан, кей мәселелер бойынша 1,5 есе көбейген.
Атап айтқанда, улануға себеп болмаған жағдайлар үшін жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (бұрын 10 АЕК болатын), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға 230 АЕК (бұрын 20), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК (бұрын 40), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 АЕК (бұрын 120) мөлшерінде айыппұл салынады.
Адам денсаулығына зиян келтірген жағдайлар үшін, егер оның қылмыстық белгілері болмаса, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға 460 АЕК (бұрын 300), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 620 АЕК (бұрын 400) мөлшерінде айыппұл салынады. Кей жағдайларда, осыған қоса олардың қызмет жүргізуіне тыйым салынуы немесе өнімдері тәркіленуі мүмкін. Осы санкциялар бойынша жеке тұлғалар мен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұлдар бұрынғыша 200 және 2 000 АЕК мөлшерінде қалды.
2019 жылдың басынан 1 айлық есептік көрсеткіш - 2525 теңге.
Нұр-Сұлтан қаласының ҚДСД кәсіпкерлерді санитарлық ережелер мен нормаларды қатаң сақтауға шақырады. Бұл мәселе күн жылыған кезде күрделене түседі.
«Қаражаттарыңызды айыппұл төлеуге емес, технологиялық қондырғыларды, коммуникацияларды жаңғыртуға және нысандарыңызды санитарлық талаптарға сәйкестендіруге жұмсаңыздар!», - делінген хабарламада.