Қоғамдық-гуманитарлық институттар Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеті мен құндылықтарын дамытуға бағдарлануы тиіс - Елбасы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық-гуманитарлық институттардың қызметіндегі міндеттері мен басымдықтарын айтарлықтай түзетіп, сондай-ақ тарихи-мәдени мұрадан назарды Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеті мен құндылықтарын дамытуға қарай бұру қажет. Мұнсыз қоғам толыққанды дами алмайды. Біз түрлі мәдениеттердің әсерлеріне ілініп жатқан жас буынды адастыруымыз мүмкін», деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, бұл Философия және саясаттану институты, Ә. Марғұлан атындағы археология институты, Сүлейменов атындағы шығыстану институты, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты, Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Экономика институты, Мемлекет тарихы жөніндегі мемлекеттік институт, Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты сынды құрылымдардың міндеті.
Елбасының айтуынша, сондықтан ең алдымен көз алдымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық үдерістерді терең ой елегінен өткізіп, көрсету қажет. «Бұл осы институттардың міндеті», деді Президент.
«Институттар жаңа тарихты зерттеумен және жан-жақты жариялаумен, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, дамуын, біздің мемлекеттің жаңа халықаралық рөлі мен мәртебесін зерттеумен шұғылдануы тиіс», деді Н. Назарбаев. «Мемлекеттің қалыптасып, дамуы үшін мұндай институттардың маңызы зор болғандықтан, олар Қазақстан қоғамының өміріне белсене араласып, еліміздің жаңа белеске көтерілуіне ықпал жасауы тиіс», деп толықтырды сөзін Н. Назарбаев.