Қоғамдық кеңес мүшелерінің шығындары бюджеттен өтелуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі заңнамға сәйкес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерінің жалақысы төленбейді, олардың қаржылық шығындарын да өтеуге рұқсат жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің шығындары бюджеттен өтелуі мүмкін

«Бұл жерде қоғамдық кеңес мүшелерінің жалақысын төлеу бастамасы көтеріліп отырған жоқ. Ол ұйымдастыру-техникалық шараларға, яғни кеңсе заттары, интернет, байланыс, көлік және тағы сол сияқты шығындарға байланысты. Мәселен, облыстың қоғамдық кеңесі белгілі бір ауданда көшпелі отырыс өткізетін болса, онда ол жерге кеңес мүшелері баруы керек қой. Демек, жолға шығын шығару қажет. Міне, осыған байланысты қоғамдық кеңес мүшелерінің шығындарды өтеу бойынша ұсыныс бар. Сосын қоғамдық кеңеске азаматтарды қабылдау үшін қандай да бір үй-жай керек қой. Бәлкім, кабинет болады. Себебі халық қоғамдық кеңес отыратын нақты бір жерге барып, арыз-шағымдарын айтуы тиіс», - деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қоғамдық кеңестермен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Гүлбарам Сұлтанова журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі заңнамада қоғамдық кеңестердің нақты спецификасы жазылмаған. Сол себепті қаржылық шығындар да қарастырылмайды. «Бүгінде біз осы мәселені зерделеп жатырмыз. Қаржы министрлігі бюджет заңнамасына өзгерістер мен толықтыруларды дайындап жатыр. Онымен бірге қоғамдық кеңестердің шығындарын өтеу мәселесі де ескерілсе, жақсы болар еді», - деп атап көрсетті министрліктің өкілі.

Айта кетейік, елімізде қоғамдық кеңестер туралы заңнаманың қабылданғанына бір жыл болды. Осы уақыттың ішінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жанынан 200-ден астам қоғамдық кеңес ашылды. Аталған кеңестер әкімдер мен министрлердің есептерін тыңдап, сан алуан мәселелерді шешуге атсалысады.