Қоғамдық кеңестер туралы заң қабылданды - Сенат

Аталған құжат Мемлекет басшысының «5 институттық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-шы қадамын және «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген.
Құжат бойынша Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігі бекітіліп, ол мемлекеттік шешімдердің қабылдану ашықтығын арттырады. Қоғамдық кеңестер республикалық және жергілікті деңгейде құрылады. Ауыл, село, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің қызметі жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі. Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары заңнамада көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, ортақ және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету Қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі саналады.
Бұдан бөлек, Қоғамдық кеңестер институттар мен азаматтардың барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерге кеңінен қатынасуын қамтамасыз ету бойынша қоғамның жауапкершілігін арттыра түседі. Ал Қоғамдық кеңестер қабылдаған шешімдер ұсынымдық сипатта болады әрі қаралуға міндеттеледі. Сонымен қатар, кеңестердің берген бағасы мемлекеттік органдардың рейтингін айқындаған кезде ескеріледі.
Айта кетерлігі, әлемнің бірқатар елдерінде қоғам мен билік арасында Қоғамдық кеңестер әріптестік, консультациялық тетіктер ретінде белгілі бір тәжірибелер жинақтаған. Мәселен, демократиялық елдерде белгілі бір мәселе бойынша қоғамның ойы мемлекеттік саясаттың орындалу бағытына айтарлықтай әсер ететіні бар. Мысалы, Францияда Экономикалық және әлеуметтік кеңес қызметі Конституцияда қарастырылған. Чехияда қоғамдық кеңестің қызметі Президенттің нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.