Қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін азаматтарды фототіркеу уақыты созылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыз айының басында Астана қаласы бойынша қоғамлық көліктерде жеңілдікпен жүретін азаматтардың фотосын түсіріп, бір жүйеге тіркейтін жоба басталған еді.

Қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін азаматтарды фототіркеу уақыты созылды

Жеңілдікпен жүретін азаматтардың барлығын қамту үшін жоба тамыздың соңына дейін жалғасын болды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинг барысында «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы Айгүл Жамалова мәлім етті.

«Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын электронды түрге ауыстыру шараларының аясында 2015 жылдың 1 тамызынан бастап автобустарда жеңілдікпен жүретін азаматтарды фототіркеуден өткізе бастаған едік. Өздеріңіз білесіздер, Отан соғысының ардагерлері, зейнеткерлер, отбасының асыраушысынан айырылғандықтан мемлекеттік әлеуметтік ақы алатын жандар, көп балалы отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 16 жасқа толмаған мүгедек балалар қаламыздың қоғамдық көліктерінде арнайы жеңілдікпен, яғни тегін жүреді. Міне, осы азаматтар электронды билет енгізілген кезде бір базадан табылу үшін фототіркеуден өтулері керек. Фототіркеу жобасы аясында осы санаттағы азаматтардың суреті бір базаға жиналып, оларға арнайы жеке жол жүру билеттері беріледі»,-деп түсіндірді баспасөз хатшы.

Оның мәліметіне сүйенсек, 1 тамыздан бастап 45 мыңға жуық адам фототіркеуден өткен.

«Жалпы, Астана қаласы бойынша фототіркеуден өткізетін 25 орын бар. Атап айтсақ, фототіркеу жұмысы Есіл ауданы бойынша № 24, 45, 66, 69,76 орта мектептерде, Сарыарқа ауданы бойынша № 7, 12, 25, 14, 19, 35, 36, 68, 49, 58 орта мектептерде, Алматы ауданы бойынша №4, 10, 16, 28, 29, 44, 48, 51, 55, 72 орта мектептерде жалғасып жатыр»,-деп толықтырды А.Жамалова.