Қоғамдық орында темекі қалдығын тастағаны үшін 20 мың теңгеге жуық айыппұл төледі - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Темекі қалдығын тастағандарға айыппұл көлемі бұған дейін 3 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі аралықта болған еді, яғни 5556 теңгеден басталатын. Енді жаңа кодекс бойынша бұндай құқық бұзушылық жасағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 19820 теңге көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген.
Кеше Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында сот судьясы А. Байболатованың төрағалық етуімен қоғамдық орынға темекі қалдығын тастап, төңірегіндегілерге сыйламаушылық білдіргені үшін ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігімен айыпталған құқық бұзушыға қатысты іс қаралды.
Осыған орай, мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен құқық бұзушыға 19 820 теңге, яғни 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.