Қоғамдық орындарда темекі шеккен 3 мыңға жуық адам 55 млн теңге айыппұл төледі - Көліктегі ІІД
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері көлік полицейлері қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін 2 700-ден аса адамға 55 миллион теңгеден астам айыппұл салды, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен.
Көліктегі ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының және оның құрылымдық бөліністерінің қызметкерлері еліміздің теміржол вокзалдары мен әуежайларында құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша күнделікті рейдтік шаралар өткізеді.
«2016 жыл басынан бері Көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағында темекі шегуге тыйым салынған жерде заңды бұзған 2713 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға жалпы сомасы 55 577 574 теңге айыппұл салды»,- дейді Көліктегі ІІД бастығының орынбасары Талғат Өтетілеуов.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау жүйесі және халықтың денсаулығы туралы» заңына сәйкес, әуе көлігінің бортында, әуежайлар мен темір жол вокзалдары ғимараттарында темекі өнімдерін пайдалануға тыйым салынған.
Алайда, заңмен белгіленген тыйымға қарамастан, Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында аталған тыйымды тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары ғана емес, сонымен қатар шетелдіктер де бұзады. Ағымдағы жылдың есепті кезеңі ішінде Астана мен Алматы қаласы әуежайларында темекі шеккені үшін 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.