Қоғамдық палата баға саясатын жетілдіруге қатысты заң жобасын талқылауда

Басқосуда палата мүшелері «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген Индустриялық-инновациялық дамудың 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын орындау мақсатында әзірленген. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы осы заң жобасын басым тәртіппен әрі жедел қарау туралы тапсырма жүктеген болатын. «Елбасының жолдауында энергияны үнемдеу және коммуналдық нысандар және сумен қамтамасыз ету желілерін қайта жөндеп, жаңғыртуды мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі ретінде атап көрсетілген болатын. Жолдау жүктеген осы міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынды. Бұл заң жобасы табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар субъектілеріне қатысты икемді тариф, баға саясатын жетілдіруге бағытталып отыр. Әрине, коммуналдық қызмет бойынша тарифтерді өзгерту еліміздегі көптеген азаматтарды алаңдататын мәселе екені рас. Сондықтан да, монополиялар мен тарифті реттеудің жаңа тетігі жан жақты тиімділігін көрсетуі керек. Жалпы бұл саладағы өндіруші, тасымалдаушы, тұтынушы және уәкілетті орган арасында ашық пікір алаңының орын алуы проблемалардың да оң шешімін табуына септігін тигізетіні айқын. Сонымен бірге, тарифтік саясат инфляциялық үдерістерді тежеп, тұтынушыларды электрмен қамтамасыз етудегі сенімділікті арттыра түседі. Яғни, бір жағынан баға саясаты анық әлеуметтік сипат алса, екінші жағынан бұл ретте тасымалдаушылар мен өндірушілердің де экономикалық қызығушылығын естен шығармау маңызды», деді жиынды ашып сөз сөйлеген Қоғамдық палата төрағасы Сергей Дьяченко.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасының негізгі міндеті субъектілер қызметінің тиімділігін арттыруды ынталандыруға, субъектілердің активтеріне күрделі инвестициялық салымдарды ұлғайту үшін жағдайлар жасауға бағытталады.
Қоғамдық палатаның жиыны барысында Мәжілістің талқылауына шығарылған осы заң жобасына қатысты бірқатар ұсыныстар әзірлеу көзделеді.