Қоғамдық Палата «Ғылым туралы» және «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобаларын қарайды

АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат - Қазанның 8-і, жұма күні Астанадағы Назарбаев Университетінің ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысы өтетіні көзделуде.

Қоғамдық Палата «Ғылым туралы» және «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобаларын қарайды

Отырысқа Қоғамдық Палатаның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Үкіметтің, сондай-ақ Білім және ғылым, Қаржы министрліктерінің, ғылыми орталықтардың, холдингтердің өкілдері, жоғарғы оқу орындарының ректорлары қатысады.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Владимир Бобровтың жетекшілік етуімен өтетін отырыста екі заң жобасының күн тәртібіне шығарылатыны қарастырылуда. Атап айтқанда, «Ғылым туралы» және «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобалары қаралатыны көзделуде.

«Ғылым туралы» заңның жаңа редакциясын әзірлеу ІІарламенттің төртінші шақырылымының 2009 жылғы қыркүйектің 1-індегі III сессиясының ашылуында және 2009 жылғы қыркүйектің 4-індегі ғылым мәселелері бойынша өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау қажеттілігіне негізделеді. Олар ғылымды басқару мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру принциптерін жетілдіру қажеттілігімен түсіндіріледі.

Ал «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобасы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2006 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» және 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауларына сәйкес әзірленген. Осы Жолдауларда Мемлекет басшысы Астанада түлектерге ерекше қабылдау шарттары мен айрықша қойылатын талаптары бар беделді инженерлік-ғылыми оқу орнын құру міндетін алға қойған еді.

«Ғылым туралы» заң жобасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасайтыны жоспарлануда. Сондай-ақ осы мәселе төңірегінде Қоғамдық Палатаның мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың және Мәжіліс депутаты, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Бекен Әлімжановтың сөз сөйлейтіні қарастырылған. Қоғамдық Палатаның мүшесі, қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден де аталған заң жобасы бойынша өз пікірін ортаға салады.

Ал «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» заң жобасының мақсаты туралы да ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың баяндама жасайтыны көзделген. Осы заң жобасы бойынша «Назарбаев Университеті» АҚ-ның президенті Аслан Сәрінжіпов, Мәжіліс депутаты, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Гүлмира Исімбаева сөз сөйлейді деп күтілуде. Сондай-ақ Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палата Төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаев сөз сөйлейді.

Қоғамдық Палата отырысының қорытындысында ұсынымдар қабылданатыны қарастырылып отыр.