Қоғамдық Палатаның екі жылғы қызметі сараланды

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат - Бүгін Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Мәжіліс Бюросының отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның 2007 жылғы қараша - 2009 жылғы желтоқсан аралығындағы қызметі туралы мәлімет тыңдалды.

Қоғамдық Палатаның екі жылғы қызметі сараланды

Бұл жөнінде Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның жетекшісі Сергей Дьяченко баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамдық Палата берген 337 ұсыныстың 105-і Мәжіліс депутаттары жұмыс топтарында қарап, түзетулерді ескерген. 66 ұсыныс Елбасы қол қойған 13 заңның нормаларында қабылданған.

Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы «Дағдарыстан - жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықты жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру жөнінде қабылданған іс-шаралар туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Қоғамдық Палатаны хабардар етті.

Қоғамдық Палатаның отырыстарындағы күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылауға 500-ден астам шақырылған лауазымды тұлғалар қатысқан. Олардың ішінде Үкімет мүшелері, әр түрлі агенттіктер мен комитеттердің басшылары, Бас прокуратура жетекшілері, Орталық сайлау комиссиясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы соттың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Аталған Палата мүшелері Мәжілістің тұрақты комитеттерінің отырыстарына қатысып, депутаттармен пікір алмасты.

«Мәскеу қаласында Ресей Федерациясының Қоғамдық Палатасымен Өзара түсіністік және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылуы осы Палатаның қызметіндегі маңызды оқиға екені анық. Бұл қос мемлекет арасындағы диалогқа азаматтық қоғамды, экономикалық және қоғамдық ұйымдарды тарту ісінде орасан зор рөл атқаратын осындай құрылымның қажеттігін және оның маңызын баса көрсетіп берді»,- деді Сергей Дьяченко.

Есепті кезең ішінде Қоғамдық Палатаға ел азаматтарынан саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ондаған өтініштер келіп түсіп, сараптаудан өткен.

Қоғамдық Палата еліміздегі негізгі БАҚ құралдарында өзінің атқарған қызметі жайлы тұрақты мәліметтер беріп келеді.