Қоғамдық Палатаның кезекті отырысында Елбасы Жолдауында қамтылған мәселелер талқыланбақ

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ертең, ақпанның 19-ында ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысы өтеді. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етудегі Қоғамдық Палатаның рөлі мәселесін талқылау жоспарлануда,

Қоғамдық Палатаның кезекті отырысында Елбасы Жолдауында қамтылған мәселелер талқыланбақ

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен бірге, жиын барысында Елбасы жолдауынан туындайтын мәселелер ретінде «Құқық қорғау жүйесін реформалау және оның одан әрі ізгіленуі» тақырыбында Қоғамдық Палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаевтың, «Денсаулық сақтау саласының жақсаруы - өмір сүру сапасының артуы» тақырыбы бойынша Денсаулық сақтау министрі, Қоғамдық Палатаның мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі секцияның жетекшісі Жақсылық Досқалиевтің сөз сөйлейді. Бұдан бөлек, Қоғамдық Палатаның мүшесі, қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден «Экономиканы әртараптандыру - табысқа жетудің кілті», сондай-ақ Қоғамдық Палатаның мүшесі, демократияландыру және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері жөніндегі секцияның жетекшісі Алтыншаш Жағанова «Ішкі саяси тұрақтылық - 2020 Стратегиялық жоспарды жүзеге асырудың сенімді іргетасы» тақырыптары негізінде баяндама жасайды. Отырыстың бағдарламасына сәйкес Қоғамдық Палатаның мүшесі, экология, ауыл шаруашылығы жөніндегі секцияның жетекшісі Мэлс Елеусізовтің «Климаттың жаһандық өзгеруі жағдайындағы елдің тұрақты дамуындағы ауыл шаруашылығының рөлі» тақырыбы бойынша сөз сөйлейтіні белгіленіп отыр.

Сонымен қатар, Қоғамдық Палатаның отырысынан кейін Оразалы Сәбденнің «Экономика» атты 10 томдық таңдаулы еңбектерінің таныстырылымы өтетіні көзделуде.