«Қоғамдық пікір» зерттеу институты Exit-poll-дың нәтижесін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының атқарушы директоры Айгүл Сәдуақасова Exit-poll-дың стандартты әдістемесі бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялады.

«Қоғамдық пікір» зерттеу институты Exit-poll-дың нәтижесін жариялады

Оның айтуынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау күні "Қоғамдық пікір" зерттеу институты Exit-poll-дың стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді. Оларға "Сіз қай партияға дауыс бердіңіз?" деген бір ғана сауал қойылды.

"Ол еліміздің 110 сайлау учаскесінде жүргізілді. Сайлау учаскелері Орталық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметтер негізінде кездейсоқ таңдалынып алынды. Бұл әдістеме бойынша, сайлау учаскесінен шыққан әрбір бесінші сайлаушыдан жауап алынды. Сауалнамаға барлығы 30 мың адам қатысты. Іріктеме қателігі +\- 0,8 пайызды құрады. Сауалнама жүргізуге республиканың барлық аймақтарында 200-ге жуық интервьюерлер тартылып, олар сайлау учаскелерінде таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеді", - деді ол Астанада өткізген брифинг барысында.

"Сонымен, Exit-poll нәтижесі келесідей: "Нұр Отан" партиясына - 82,15%, Қазақстан Коммунистік xалықтық партиясына -7,15%, "Ақжол" партиясына - 7,17%, "Бірлік" партиясына - 0,31%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға - 1,19%, "Ауыл" партиясына - 2,03% сайлаушы дауыс берді", - деп атап өтті А. Сәдуақасова.