«Қоғамдық пікір» зерттеу институты сайлау күнінде экзит-полл жүргізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қоғамдық пікір» зерттеу институты сайлау күнінде экзит-полл жүргізеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған институттың атқарушы директоры Айгүл Сәдуақасова мәлім етті.
«Біздің елде үлкен саяси науқан жүріп жатыр. Оның нәтижесінде 20 наурыз күні Мәжіліс және мәслихаттарға депутаттар сайланады. Осы күні «Қоғамдық пікір» зерттеу институты өзінің зерттеуін өткізіп, сайлау учаскелерінен шыққан сайлаушыларға сауалнама жүргізеді. Бұл стандартты әдіс, Қазақстанда да, жалпы барлық елде осындай тәжірибе бар»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, аталған зерттеу әдісіне сәйкес, әрбір 5-ші сайлаушы сайлау учаскесінен дауыс беріп шыққаннан кейін сауалнамаға жауап береді.Сауалнамаға Қазақстанның барлық облыс орталықтары, Астана мен Алматы қалаларының сайлаушылары қатысады. Жалпы республика бойынша 110 сайлау учаскесі қамтылады.
«Олардың арасында міндетті түрде облыс орталықтары және Алматы мен Астана қаласында 56 учаске, кіші қалаларда 28 учаске және ауылдық округтарда 26 учаске іріктеліп алынады. Сонда біз Қазақстан бойынша репрезентативті нәтижені көрсете аламыз деп ойлаймыз. Барлық нәтижелер жалпылама түрде күннің соңында беріледі және заңмен бекітілген ережелерге сай болады. Зерттеуге қатысатын 200-ге жуық сұхбат берушілер Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Сауалнама нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдарына 20 наурыздан 21 наурызға қараған түнгі сағат 00-00-де жеткізіледі»,- деді А.Сәдуақасова.