Қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері сөз болды
АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат. 14 қазанда Астана қалалық Ішкі істер департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Қайрат Тыныбековтың төрағалығымен өткен жедел кеңесте «Астана қалалық ІІД Қоғамдық қауіпсіздік бөліністерінің қызметтік іс-әрекетін ұйымдастыру және заманауи жағдайларда құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмыс тәсілдерді жетілдіру бойынша шаралар қолдану» тақырыбында сөз қозғалды,
деп хабарлады Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Кеңес жұмысына Әкімшілік полиция комитеті және ҚР ІІМ Ішкі әскер комитеті, Астана қалалық ІІД, Қоғамдық қауіпсіздік бөлімдері мен бөлімшелерінің басшылары және патрульдік полиция полкінің басқарушылық құрамы қатысты.
Жиын қорытындысы бойынша азаматтардың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылық пен көшедегі қылмыстың алдын алу, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен патрульдік полицейлердің кәсіби деңгейін көтеру бойынша бірқатар шешімдер қабылданды.