Қоғамдық ұйымдар сайлауды бақылайтын хартияны қолдайды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қоғамдық ұйымдар Қазақстанда сайлаудың әділ және адал өтуін бақылау туралы арнайы қабылданған хартияны қолдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің «Жастарға жол» ҚҚ хартия идеясын бұрын да қолдап келген, өйткені ол біздің елімізге қажет құжат. 10 күн ішінде көптеген қоғамдық ұйымдар хартияға қосылды. Бүгін біздің әріптестер біздің штабқа осы идеяны қолдауға келді. Басқа да қоғамдық ұйымдарды қосылуға шақырамыз», - дейді «Жастарға жол» қоғамдық қорының президенті Рафаэль Хасанов.
Оның айтуынша, бүгінде штабта алдағы сайлауды бақылауға қатысатын 1000-нан астам волонтер тіркелген.
«Олар дайындықтан өтті. Енді семинарлар өткізетін серіктестеріміз оларды шақырып тағы түсіндіреді. Сайлау кезінде олардың арнайы қойын дәптерлері болады. Сондай-ақ заңға сәйкес, заң бұзушылықтарды тіркейтін акт қағаздары болады. Егер заңбұзушылқа анықталса сайлау комиссиясы арқылы сотқа береміз», - деп түсіндірді ол.

«Құндылық қоры» ҚҚ өкілі Думан Нүсіпақын алдағы сайлау әрбір қазақстандық үшін маңызды екенін атап өтті. Ол барлық азаматтарды сайлауға белсенді қатысуға және бақылаушы болуға шақырды. Оның айтуынша, бүгінде қорға 100-ден астам адам жиналды. Тіркеу 9 қаңтарға дейін жалғасады.
Өз кезегінде «Адам және қоғам» ҚҰ директоры Гүлім Тұрсынбайқызы да барлығын ұйымға кіруге шақырады. Бүгінгі күні онда 120-дан астам адам тіркелген.
«Біздің міндетіміз- бақылаушыларымыздың барлық сайлау учаскелерінде болғанын қаматамасыз ету. Біздің волонтер- бақылаушылар барлық жерде қатысуы үшін мен бар күш-жігерімді саламын. Бүгін Алматыда 507 ашық сайлау учаскесі бар», - деп қосты Рафаэль Хасанов.
Еске салайық, 2021 жылдың 10 қаңтарында сайлау күні бақылаушылар таңғы 5:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.