Қоғамға, адамға қызмет ету – борышымыз – Конституция құрдасы
ОРАЛ. KAZINFORM — Дүние есігін 1995 жылы ашып, бүгінде түрлі салада алдыңғы лекте жүрген Конституция құрдастары аз емес. Солардың бірі, БҚО полиция департаменті 2-санатты автокөлік шаруашылығының полицей-жүргізушісі, полиция аға сержанты Салық Хаметовпен мерекеге орай Kazinform тілшісі әңгімелескен еді.
- Салық Мағзомұлы, мейрам күні де қызметте, ауданда жүр екенсің. Полиция қызметкері боламын деп бала жастан армандадың ба?
- Иә, солай. Бәйтерек ауданы Махамбет ауылында туып-өстім. Кішкентай кезімнен полиция қызметкері болсам дейтінмін. Сол арманыма қол жеткізіп, Ата заңымыз аясында қоғам тыныштығы мен адам өмірін сақтауға үлес қосып жүргеніме қуаныштымын. Өзім Құрманғазы атындағы музыка колледжін суретші мамандығы бойынша тәмамдадым. Ішкі істер органдарында 2018 жылдан бері қызмет етіп келемін. Өз ісіңе мығым, шаруаға мұқият болып, көлігіңе аса ұқыптылықпен қарасаң, алынбайтын қамал жоқ деп ойлаймын. Өңірде болып жататын қылмыстық оқиғаларға жол ережесін қатаң сақтай отырып, жедел тергеу тобын уақтылы жеткізу – менің міндетім.
- Әріптестерің сені өз қызметін мінсіз атқарумен бірге жұмыстан тыс уақытта қоғамдық бірлестік арқылы кейінгі жастардың, студент, оқушылардың спортпен етене айналысуына еңбек сіңіріп жүргеніңді айтады. Шынымен солай ма?
- «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», дейді ғой халқымыз. Қоғамдық бірлестік құру идеясы сонау 2012 жылы ойыма келген. Сол жылы досым Нұрбек Нұрхатұлымен бірге кіші буынға көмек қолын созу мақсатында «Жас дем» қоғамдық бірлестігін құрдым. Студент кезде-ақ қалаға, ауданға жастарды апарып, түрлі іс-шараларды өткізетін едік. Концерт қоямыз, спорттық жарыстарда кейінгі жастарға демеуші боламыз. Қазір «Жебе» деп аталатын қоғамдық бірлестігімізде жұмыс тоқтап қалған жоқ. Ең бастысы, жас буын өмірден өз орындарын табуы үшін олардың жолын аша білу керек.
- Полиция қызметкері болу үшін не қажет деп ойлайсың?
- Полицей болу үшін, меніңше, білім де, білік те, білек те керек. Ұстамды қалпыңнан айнымай, азаматтармен тіл табыса білу және сыпайы болу – басты шарт. Өмірде неше түрлі адамдар кездеседі, соның бәрімен сөйлесе білу оңай емес. Сонымен қатар полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, ол әділдікті жақтап, жемқорлыққа қарсы тұра білуі тиіс. Мемлекет бізге өзіміз қалаған білім мен мамандықты алуға мүмкіндік берді, енді халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді қорғау – біздің міндетіміз. Біз ант берген кезде соған серт еткенбіз. Сол жолдан айнымау – мақсатымыз.
- Мақсат демекші, болашақтан не күтесің?
- Ең бастысы, елдің тыныштығы дер едім. Қоғамға, адамға қызмет ету – басты борышымыз. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Бұл туралы Ата заңымызда жақсы айтылған. Ендеше, осы қағиданы ойдан еш шығармай, Қазақ елінің дамуына үлес қоса білсек, одан асқан мақсат та жоқ.
- Әңгімеңе рахмет! Қызметіңе табыс тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан Конституциясы күні қарсаңында Батыс Қазақстан үйлері суға кеткен тағы 23 отбасының баспаналы болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
https://kaz.inform.kz/news/batis-kazakstanda-uyler-suga-ketken-tagi-23-otbasi-baspanali-boldi-2d46f3/