Қоғамға қауіп келтіретін қылмыскерлерге қамаудан босағаннан кейін әкімшілік қадағалау орнату туралы заң толық орындалмай отыр - Бас прокуратура

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Республиканың түзеу мекемелерінің әкімшіліктері, ішкі істер органдары мен соттар қоғамға қауіп келтіретін қылмыскерлерге қамаудан босағаннан кейін әкімшілік қадағалау орнату туралы заңды ойдағыдай орындамай отыр.Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті,

Қоғамға қауіп келтіретін қылмыскерлерге қамаудан босағаннан кейін әкімшілік қадағалау орнату туралы заң толық орындалмай отыр  - Бас прокуратура
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Атап айтқанда, Әділет министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полициясы босатылған адамдардың санын ай сайын салыстырып отырмағаны анықталды. Мәселен, ҚАЖК-нің мәліметі бойынша 2008 жылы 342 сотталғанға қатысты әкімшілік қадағалау қойылған болса, әкімшілік полиция олардың тек 125-ін ғана есепке қойған. Қалған 217 адам тұрғылықты жерлеріне не себепті бармағандығы анықталмаған, бірлескен жұмыстар жүргізілмеген. Сонымен қатар, әкімшілік қадағалау мерзімі қылмыскер түзеу орнынан босамай жатып-ақ басталып кеткен жағдайлар да кездескен. Сондай-ақ заңға сәйкес аса қауіпті рецидив кезінде жасалған және экстремизм белгілері бар қылмыстар үшін сотталғандарға қатысты әкімшілік қадағалау соттың заңды күшіне енген үкімі негізінде белгіленетін болса, Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4, Жамбыл облысындағы ЖД-158/7 және Қарағанды облысындағы АК-159/5 колонияларының әкімшіліктері қамаудан босаған 22 кәнігі қылмыскер мен экстремиске қатысты әкімшілік қадағалау қоюдан негізсіз бас тартқан. «ҚАЖК-нің мәліметіне сәйкес, тыйым салынған «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік партияның мүшесі ретінде орталықтандырылған жедел-профилактикалық есепте тұрған 12 адам өткен жылы қамаудан басатылған. Алайда олардың 8-іне қатысты әкімшілік қадағалау жөнінде мәселе қаралмаған. Сонымен бірге, егер де түзеу мекемесі қадағалау белгіленген адамдардың босатылуы туралы ішкі істер органдарына алдын-ала хабарлауы тиіс болса, ЕЦ-166/5 мекемесінің әкімшілігі Ақмола облысындағы Аршалы аудандық сотының осындай 9 сотталғанға қатысты қаулысын ішкі істер бөліміне беруді «ұмытып» кеткен. Ал олардың біреуі көп ұзамай ұрлық жасағаны үшін қайта сотты болды», деді Бас прокуратура өкілі.