Қоғамның қарсылығына қарамастан көкпар тартқан батыр қыз жайлы деректі фильм жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда көкпаршы қыз Ева Жигалина жайлы «Ева. Батыр қыз» атты деректі фильм түсірілді. Бұл - бала кезінен дала төсінде ойқастап, көкпар мәдениетін бойына сіңіріп өскен табанды қыздың сүйікті ісімен айналысу жолындағы күресі жайлы оқиға, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәстүрлі қасаң қоғамда әйелдерге көкпар тартуға қатаң тыйым салынған.
Бірақ Ева қиындыққа мойымастан табандылық танытып, таптаурындарды бұзды, әлеуметтік және мәдени тосқауылдарды еңсере білді.
Ол «көкпар - тек ерлердің ойыны» деген мықтылармен текетіресте болды.
Дегенмен Еваны қолдайтындар да табылып, оның жігеріне, арманына адал мінезіне лайықты бағасын бере алды.
Олар Еваны жігерлендіріп, тосқауылдарға төтеп беруіне көмегін аямады. Ева кәдімгі қара күштен де, икемнен де кенде емес, ал оның ішкі жігері, жалыны мен табандылығы көрген адамды қанаттандырады.
Фильм көрерменді эмоциялық саяхатқа үйіріп әкетіп, кейіпкердің алдындағы қиындықтарды, оның сәйгүлікке деген махаббатын паш етеді.

«Ева. Батыр қыз» деректі драмасы - Темірбек Аманжолдың режиссерлік алғашқы қадамы.
Темірбектің өзі де ат туризмін және атқа отыру мәдениетін зерттеп жүр. Еваның хикаясы - салт-дәстүр, жігер мен құрбандық шиеленіскен әлемге шытырман саяхат.
Осындай қым-қуыт әлемде нәзік жан ағысқа қарсы жүзіп, махаббат пен жалынның алмайтын қамалы жоғын айшықтайды дейді ол.

Фильмнің продюсері Думан Қожахметтің айтуынша, осы фильмнің халықаралық деңгейге шығуға әлеуеті мол.
Қазір бірнеше шетелдік стриминг-сервистермен прокат туралы келіссөз жүріп жатыр дейді ол.
Деректі фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
