«Қоғамның рухани негізі мықты болмаса, экономика осалдық таныта береді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 4 тамыз шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 4 тамыз, бейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қоғамның рухани негізі мықты болмаса, экономика осалдық таныта береді» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен еліміздің өндіріс ошағы Павлодар облысына келді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Өндірісті өңірдің ертеңі кемел» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, Елбасы Павлодар облысын­дағы жұмыс сапарының алғашқы күні Ақсу қаласындағы «Еура­зия­лық энергетикалық корпорация» АҚ-тың Ақсу жылу электр стансасында болып, жақында пай­далануға берілген №2 энер­го­блоктың жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының Павлодар өңіріндегі жұмыс сапары жайында газеттің бүгінгі санына оқыңыздар.

«Түрік Республикасына ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов кеше Анкарада бірқатар екі­жақ­ты кездесулер өткізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Бауырластықтың тамыры тереңде жатыр» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Е. Қазыхановтың Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмед Дауытоғлымен кездесуінің нәтижесінде екіжақты құжаттар - Қазақстан мен Түркия сыртқы істер министрліктері ара­сын­дағы дипломатия саласында кадрларды даярлау және біліктілікті арттыру туралы меморандумға және Қазақстан Республи­касы мен Түрік Республикасы сырт­қы істер министрліктері ара­сын­дағы 2012-2013 жылдарға ар­налған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

***

Тәуелсіз Мемлекетіміздің бас­шы­сы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жол­дауында бәсекеге қа­білеттілік көрсет­кіші - білім мен ғылым саласына баса мән бе­ріліп келеді. Биылғы Жолдауын­да Елбасы мектепке дейінгі меке­мелер желі­сін кеңейтуді басым бағыттардың бірі ретінде белгіле­ді. Үкіметке әкім­дер­мен бірлесіп үсті­міздегі жылы «Балапан» бағдарламасын әзір­леп, іске асыруды жүктеген бола­тын. Бүгінгі таңда құрылыс қар­қыны әлеуетті Аты­рау өңірінде «Балапан» бағдар­ламасы аясында мектепке дейінгі балаларды бала­бақшалармен қамту мәселесі қалай жүргізіліп келе жатқанын білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып келеді» деген мақалаға көз салыңыз.

«Бүгінде баспана халықтың бас ауруына айналып отыр. Үкімет халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің түрлі жолдарын, тығырықтан шығудың амалдарын қарастырумен келеді. Бірақ түйіні қатты мәселе төңірегіндегі дау-дамай бір толастамай тұр. Жуырда ипотекалық несие арқылы үй алғандар өз наразылықтарын алға тартып, қайта төбе көрсетті. Осыған орай, Алматыда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті», - деп жазады «Айқын» газеті. Баспасөз мәслихаты барысында көтерілген мәселелер жайында «Тағы да борышкерлер мәселесі сөз болды» деген мақаладан егжей-тегжейлі мағлұмат аласыздар.

***

«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санында «Муай-тайшыларымыз мерейімізді асырды» деген тақырыппен жарық көрген мақалада спорттың осы түрін жанына серік еткен қазақстандық спортшылардың Латвияның Лиепая қаласында өткен Еуропа кубогынан мол олжамен оралғандығы кеңінен баяндалған. «Балтық жағалауы елінде өткен дүбірлі додаға 11 спортшымыз аттанып, соның 10-ы қоржынымызға медаль салды. Оның ішінде жетеуі алтыннан алқа тағынып, еліміздің әнұранын шырқатты»,- деп жазады басылым.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор, академик Кенжеғали Сағадиевпен арадағы сұхбат «Қоғамның рухани негізі мықты болмаса, экономика осалдық таныта береді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген халық қалаулысы: «Ұлттық байлықтың жан басына шаққандағы көлемі жөнінен біз көптеген елден әлі тым арта келеміз. Мысалы, осы көрсеткіш дамыған ел - Сингапурда 30 мың доллар шамасында болса, алдыңғы қатарлы елдерге жақын Венгрияда 14 мың доллардан асады. Яғни біздің адам басына шаққандағы табысымыз осы елдерден бес-он есе төмен», - дейді.

***

«Кеше Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде көшпелі кеңес өткізіп, 2011 жылдың 7 айындағы кеден органдары қызметінің қорытындысымен танысты», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кеден органдарының 2011 жылдың 7 айындағы қызметінің нәтижелері туралы ведомство төрағасы Серік Баймағанбетов баяндады. Кеңесте 2008-2012 жылдарға арналған ҚР кеден қызметін дамыту Жобасын іске асыру, Кеден одағына қатысушы мемлекеттер кеден органдарының өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ Электрондық декларациялау бағдарламасының орындалу барысы қаралды.