Қоғамымыздағы отбасылардың 15 пайызында белсіздік белең алып отыр

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Қазақстан қоғамындағы отбасылардың 15 пайызында белсіздік белең алған. Бұл туралы бүгін Алматы өткен баспасөз мәслихтында Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты Урология және андрология кафедрасының меңгерушісі Болат Шалекенов баспасөз мәслихатында айтты.

Қоғамымыздағы отбасылардың 15 пайызында белсіздік белең алып отыр

«Қоғамымыздағы отбасылардың 15 пайызында белсіздік белең алған. Оның тең жартысы еркектер болып отыр. Бұл орайда олардың процедуралық тексеруден өтіп тұрулары қажет. Ол үшін әрбір еркекке 22 мың теңге болса, әйелдерге одан да көп қаржы қажет болады. Сондықтан осы қаржы мәселесін шешуге мемлекеттен қаржы бөлініп жатыр», - дейді Б. Шалекенов.

Урология ғылыми орталығының андрология бөлімшесінің меңгерушісі Темірлан Құсайыновтың мәлімдеуінше, еркектердің репродуктивтік жүйесіне қатысты 24 мыңнан астам еркекті тексеруден өткізіп, зертеулер жүргізген. Нәтижесінде, әрбір екіншінің жыныстық қатынастарда қиыншылықтары бар, ал әрбір үшіншінің қазіргі жағдайда ұрықтандыруға қабілетсіздігі анықталған. Сонымен бірге, тексерілгендердің жартысы инфекциялық сипаттағы аурулар арқылы қиын жағдайларға тап болатындықтары белгілі болған.

Қатысушылардың айтуынша, бұрын тек әйелдерге арналған консультациялық орталықтар болып келсе, алдағы уақытта ерлердің де орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Алматыда ерлердің жыныстық және репродуктивтік денсаулығын қорғау республикалық орталығы ашылады деп жоспарланып отыр.

Баспасөз мәслихатын Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық Орталығы ұйымдастырды. Оған орталық директоры Сәуле Диқанбаевамен бірге, бірқатар медицина саласының мамандары қатысты.

Жиында қоғамымыздағы ерлердің репродуктивтік жүйесінің жай-күйіне қатысты өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берілді.