«Көгерген үйде тоңып отырмыз»: Қызылордадағы апатты үй тұрғындары дабыл қақты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы апатты үй тұрғындары көп жылдан бері үрей құшағында күн кешіп келе жатқанын айтып дабыл қақты.
Олардың айтуынша, үй қыста қатты суық.
- Бала-шағамыз суықтан ауырып қалады. Алда тағы қыс келе жатыр, оған қалай шыдайтынымызды білмейміз. Ал жазда үйдің іші қатты ыстық болып, терлеп, дем жетпей, ауа болмай қатты қиналамыз. Үй көгеріп, иістеніп кеткен, сол көгерген иістен ауырып жүрміз. Үйге су кетіп, осындай жағдайда өмір сүріп жатқанымызға бірнеше жыл болды, - деп шағымданды тұрғындар Instagram әлеуметтік желісінде.
Олар аймақ басшылығынан құлау қаупі төніп тұрған баспананың сүріліп, орнына жаңасы берілуін сұрайды.
- Мәселемізді назардан тыс қалдырмауыңызды, оң шешім қабылдауыңызды шын жүректен өтінеміз, - делінген өтініште.
Тұрғындардың жанайқайына қала әкімдігі жауап берді.
- Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Тасарық көшесіндегі №4 (1980 жылы салынған, 24 пәтерлі, 2 қабатты) тұрғын үй «TechPower Build» ЖШС-нің 05.06.2023 жылғы №37 сараптама қорытындысы бойынша апатты деп танылған тұрғын үйлердің тізіміне енгізілген. 2023 жылдан бастап аталған апатты тұрғын үйдің пәтер иелері жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары тобына тұрғын үй алу кезегіне тіркелген. Пәтер иелеріне жаңа пәтер тұрғын үй кезек реттілігімен беріледі, - делінген хабарламада.
Еске салайық, Қызылорда облысында сараптама қорытындысымен апатты деп танылған 69 көппәтерлі тұрғын үй бар.