«Көгершіндер де қауіпті» - баспасөзге шолу
***
Бүгін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жұртшылық асыға күткен білім беру гранттары иелерінің тізімі жарияланып отыр. Оны басылымның 6-32 беттерінен оқи аласыздар.
Ұлттық бас газеттің бүгінгі санында cондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» - Ұлт жоспарына топтама материалдар берілген.
«Мақтаның отаны - Оңтүстік деп жатамыз. Сол үшін өңірімізде тоқыма кластерін қалыптастырдық. Алайда, неге базарларда біздің фабрикаларда тігілген киімдер жоқ? Сауда қатарларында көрші Қытай мен Қырғызстаннан әкелінген тауарлар қаптап тұр. Тоқыма саласын көтереміз дегенімізге қанша уақыт болды. Не себепті жағдай өзгермей тұр?», - деген сауалды басылым осы салада біраздан бері тер төгіп жүрген белгілі кәсіпкер, «Гаухар» тігін фабрикасы» ЖШС директоры Әнипа Халбаеваға қойған.
- Шындығын айтайын, тоқыма өнеркәсібінің дамуы өңірімізде кенжелеп қалды, - дейді кәсіпкер. - Бірақ саланы өркендетуге басшылық тарапы барынша күш салып жатыр... Бұрын керемет фабрикаларымыз болатын. Онда тігілген киімдер тіпті шетелге экспортқа шығарылатын. Мысалы, «Восход» фарикасының костюм-шалбары Шымкенттің бренді еді. Рас, қазір жаңадан ашылған фабрикалар баршылық. Алайда, шығарып жатқан өнімдерді еш жерде көрмейміз. Тағы бір кемшілігіміз, тігін фабрикалары да бір-бірімен өзара байланыста жұмыс істемейді. Тәжірибе алмасу деген жоқ. Содан кейін мойындау керек, бүгінгі таңда халыққа арнап киім тігін жатқан фабрика жоқтың қасы. Бәрі мемлекеттік тапсырыста отырғандар» деп, маман жеңіл өнеркәсіп саласының бірқатар қордаланған мәселелерін сөз етіп, оны шешу жолдарына да тоқталады. Бұл мақала «Отандық тоқыма өнімдері бәсекеге қабілетті ме?» деген такқырыппен жарияланған.
***
«Бүкіл әлемде «жер жаннатына» баланатын тылсым әрі тамаша табиғатты жерлер миллиондаған туристерді тартып, мемлекеттер қазынасына миллиардтаған кіріс құяды. Ал Қазақстанда табиғи қорықтар мен саябақтардық басым көпшілігі өздеріне мемлекет жұмсайтын шығындарды да ақтамайды. Соның бір себебін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті анықтағанға ұқсайды. Бұл құрылым бірқатар табиғат қорғау ұйымдарының қызметіне ревизия жүргізіп шықты», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Уатсапп» арқылы заңдылықты бақылайды» атты мақаласында.
Осы басылымда «Көгершіндер де қауіпті» деген мақала жарияланды. Перу астанасы Лимада басшылары көшедегі көгершіндерді тамақтандыруға тыйым салыпты. Заңды бұзғандар 120 АҚШ доллары көлемінде айппұл төлейді. Заңды екінші рет бұзғандар бұдан екі есе көп шығынға батады. Қала билігінің мұндай шараға баруына не себеп болғанын сіздер де білгілеріңіз келетіні анық. Шаһарда көгершіндердің көптігі проблемаға айналыпты. 30 мыңнан асатын құстың күнделікті тіршілігі - тамақ табу ғана емес, байқамасаңыз, басыңызға да дәрет сындырады. Ал ең бастысы - ауру таратады.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында « Дело о сержантском погоне » атты материал берілген. 6 шілдеде Көкшетауда «Әскер» автопатрулі екі ер адам арасындағы кикілжің орын алған жерге шақыртумен барады. Тәртіп сақшылары жеке үйдің маңына жеткен кезде, сол жердегі көліктердің бірінің жолаушысы полиция сержантымен керісіп қалып, оның погонын жұлып алған екен. Полицейлер аталған азаматты әрең тоқтатқан көрінеді. Кейіннен бұл адам Көкшетаудағы мамандандырылған әкімшілік соттың судьясы 32 жасар Алмаз Алпысбаев екені белгілі болды. ІІД аталған іс бойынша материалдарды жинап, оны облыстық прокуратураға жіберді.