Көгершіндерімнің ең қымбаты 80 мың теңге тұрады — құсшы
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны Досан Нарманқұлов жеті жасынан бастап көгершін асыраумен айналысып келеді. Kazinform тілшісімен сұхбатта ол құс баптаудың қыр-сыры, қызығы туралы айтып берді.
Көп халық көгершінді бейбітшіліктің белгісі, жер бетіне тыныштық пен береке әкелетін құс деп есептейді.
— Көгершін — кептердің қолға үйретілген түрі. Басында кекілі, аяғында ұзындығы 20-25 сантиметрге жететін балағы болады. Мұндайды жабайы кептерден көрмейсіз. Көгершіннің сүйкімділігі өз алдына, аспанда ұшып ойнайды, 15-20 рет сальто айналып билейді. Осындай көз тартарлық әрекетіне қарап отырып миың тынығады, шаршағаның басылады, — деді кейіпкеріміз.
Көгершіннің бағасы оның сүйкімділігіне, ұшуына және ойнауына байланысты құбылатын көрінеді. Бейбітшілік құсы сәндік үшін өсірілетін болғасын оны торда ұстайды.

— Қорегі — бидай, жүгері, арпа сияқты дәндер. Тазалықты жақсы көретіндіктен дәнді жуып, кептіріп береміз, ол шаң болмауы керек. Көгершіндердің ішінде суыққа өте төзімділері бар. Олар 40 градус аязда шатырда қалса да үсіп кетпейді. Суыққа төзбейтін түрлері бар, оларды тек жылы ұяда ұстайсың. Құстарға мезгілімен дәрумен бересің. Көгершіннің өте ерекше тұқымы бар, қауырсыны қара, сары, ақ, көк, қызыл, қоңыр, көкшіл сияқты жеті түрлі түске боялған, — деді Досан Нарманқұлов.

Оның қамқорлығында қазір үш ұяда 200-ге жуық құс бар. Бір мезетте ең әрісі 300-ге дейін жеткізген кезі болған.
Ең алғашқы көгершінді бала күнінде 5 мың теңгеге сатып алған. Адамның сенімді серігіне айналған асыранды құстардың ішіндегі ең қымбаты бүгінде 80 мың теңгеге дейін саудаланады.
— Көгершіндер де адам сияқты жұп құрып өмір сүреді. Бірін-бірі қорғайды. Жылына төрт рет жұмыртқалайды. 18 күн бойы жұмыртқаны біресе еркегі, біресе ұрғашысы кезекпен басып шыгарады. 21 күн бойы балапанды екеуі бірге тамақтандырады. Ал үш аптадан кейін ол қанатын қомдап көкке самғайды, — деді кейіпкеріміз.

Еліміздің түкпір-түкпірінде Досан секілді бейбітшілік құсын баптаған азаматтар аз емес.
Жуырда ғана Қазалы ауданының орталығында көгершіндер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, олар өз құстарын жұртшылық назарына ұсынды.
Сирек кездесетін құстардың тұқымын селекцияландыру туралы айтып, тәжірибе бөлісті.
Кейіпкеріміз республиканың ғана емес, көрші мемлекеттердің құсшыларымен де тығыз қарым-қатынаста екенін атап өтті.

Ал жуырда ресейлік компания миына орнатылған нейрочип арқылы ұшуын басқаруға болатын көгершіндерді таныстырған еді.