«Көк базар» маңындағы үйлер ауласын жарықтандыру мәселесі осы айда шешіледі
«Біздің «Көк базар» ауданындағы тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру бойынша күрделі мәселе бар. Жарықты жиі сөндіреді. Тиісті мекемелерге хабарласа алмаймыз. Электр жарығын, тіпті апталап бермеуі мүмкін», - деді қала тұрғыны.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың жарықтандыру мәселесіне қатысты түсінік берді.
«Өткен жылы сот процестерінен кейін біз «Алматы Қала Жарық» мекемесін қалаға қарамағына қайтардық. Қазіргі уақытта қаладағы барлық жарық нүктелері соған тиесілі. Дегенмен, жарықтандыру жабдықтарына «IBM 2007» компаниясы қызмет көрсетеді. Ол шамдарды ауыстыру мен басқа да жұмыстарды жүргізуі тиіс. Қазіргі таңда «Алматы Қала Жарық» осы мердігерлік ұйыммен бірге жұмыс істеу схемасын әзірледі. Сіз айтқан мәселені шешу үшін аудан әкіміне наурыз айының соңына дейін уақыт беремін. Ол мәселені бақылауға алады», - деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин «Көк базар» маңында орналасқан үйлердің маңайын абаттандыру және «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жоспарда бар екенін мәлімдеді.