Көк ту астында: Қазақстанның алғашқы дербес бітімгерлік контингенті қалай қызмет етеді

бітімгер әскер
Коллаж: Kazinform

Қазақстанның әскери қызметшілері бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларына тұрақты түрде қатысып келеді. Соңғы 20 жылда 600-ден астам қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысты. Ал 2024 жылдың қаңтарында БҰҰ Қазақстанға тәуелсіз бітімгершілік миссиясын жасақтауға мандат берді. Қазақстанның тұңғыш тәуелсіз бітімгершілік контингентінің қызметі қалай жүзеге асырылады? Қандай міндет жүктелді? Қанша әскери қызметкер жіберіледі? Бұл туралы толығырақ Kazinform агенттігі сарапшысының материалында.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясы

Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының басты бағыттарының бірі – бітімгершілік миссиясы. Іргелі ұйымның осы қызметі әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Қазақстан - Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік күштеріне Орталық Азиядан әскер жіберетін бірден-бір мемлекет.

БҰҰ-ның әлемдегі алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы мамырда «Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау органы» деген атпен құрылды. 29 мамыр күні БҰҰ-ның халықаралық бітімгершілік күні болып белгіленді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі бейбітшілікті сақтау бойынша алғашқы миссиясын 1948 жылы бекітті. Бұл күні бүкіл әлемде қызмет ететін бітімгерлердің жанқиярлығы мен оған құрмет көрсету шаралары өтеді.

Содан бері БҰҰ бітімгерлік қызметі қатты өзгерді десек болады. Бұрын жеңіл-желпі қаруланған бітімгер сарбаздар қарулы қақтығысты тоқтату сызығы бойымен елдер арасында жаяу патруль жүргізсе, қазір БҰҰ бітімгерлік операциялары күрделі сипатқа ие. Олар қақтығыстардан кейін әбден құлдыраған елдерді қалпына келтіруге бағытталған шараларды да қамтиды. Егеменді мемлекеттер арасындағы атысты тоқтату сызығында жаяу патрульдеу кезінде жеңіл қаруланған бітімгерлердің уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. БҰҰ-ның қазіргі бітімгершілік операциялары барған сайын күрделі және жан-жақты сипатқа ие, олар атысты тоқтату режимінің сақталуын тексерумен шектелмейді, бірақ іс жүзінде ондаған жылдар бойы жалғасқан қақтығыстардан кейін күйреу алдында тұрған елдерді қалпына келтіру міндеттерін шешеді.

Қазақстан әскерилерінің бітімгершілік операцияларға қатысу тарихы

БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік күшінің құрылғанына 75 жыл толуына орай (2023 жылғы 29 мамыр) Қазақстан СІМ-де ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдерінің, БҰҰ-ның біздің еліміздегі өкілдігінің және шетелдік дипломатиялық корпустың қатысуымен іс-шара өтті. Онда ұйымның миссиялары аясында отандық «көк дулығалардың» қызметіне жоғары баға берілді.

Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына 20 жылдан астам уақыт бойы қатысады.

2000 жылы «Қазақстан бітімгерлер батальоны» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы Үкімет қаулысы қабылданды, содан соң еліміз алғашқы бітімгерлік миссияларға қатыса бастады. Сол жылы Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бойынша бітімгерлік қызметін бастады.

2003 жылдың тамызында 27 адамнан тұратын «Қазбаттың» алғашқы инженерлік-саперлік жасағы Иракқа барды. Бес жыл ішінде қазақстандық бітімгерлер 4 миллионнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш құрылғыларды залалсыздандырды. Осы уақыт ішінде олар жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп, мұқтаж жандарға медициналық көмек көрсетті.

2014 жылдан бастап БҰҰ-ның Кот-д'Ивуар, Батыс Сахара, Ливан, Орталық Африка Республикасы және Малидегі миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде 60-қа жуық қазақстандық әскери қызметші қатысты, оның ішінде алты әйел де бар.

Еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам 2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде әрекет еткен алғашқы қазақстандық ротаны Ливанға жіберу болды. Бес жыл ішінде ұлттық бітімгерлік контингенттің жеке құрамы сегіз мәрте ротацияланды.

2000 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның бітімгерлік батальоны құрылды. Сол 2000 жылдан бері қазақстандық бітімгерлер 8 бітімгершілік миссияға қатысты.

бітімгерлік әскер
Инфографика: Kazinform

Қазіргі уақытта БҰҰ бітімгершілік миссиясының құрамында Қазақстанның 19 әскери қызметшісі қызмет етуде: Ливанда – 9, Батыс Сахарада – 6, Мали мен Орталық Африка Республикасында – 2 әскери қызметші. Соңғы 20 жылда Қазақстан Республикасының 600-ден астам әскери қызметкері БҰҰ бітімгершілік миссияларының құрамында қызмет етті.

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары 1995 жылғы 15 желтоқсанда БҰҰ бітімгерлік әскері құрамына кіретін Орталық Азия батальонын құру туралы келісімге қол қойды. 1993 жылдан бастап қазақстандық әскери қызметшілер Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде тұрақтандыру операциясына қатысты (1992 жылғы 5 мамыр – 1997 жылғы 27 маусым аралығында Тәжікстанда азамат соғысы болды – ред.). Барлығы 1993 жылдың қыркүйегінен 2001 жылдың ақпанына дейін Тәжікстандағы жағдайды тұрақтандыру операциясына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 10300 әскери қызметкері қатысты.

Бітімгер әскер
Фото: Тәжікстандағы миссия\ kazcent.kz

2003 жылы қарқынды дайындықтан өткен «Қазбаттың» әскери қызметшілері Ирактағы бітімгерлік миссиясына кірісті. Операцияға қатысқан бес жыл ішінде жеке құрам он мәрте ротацияланды. Миссияға барлығы 270-тен астам әскери қызметші қатысты. Иракта елден барған мамандар 4,5 миллионның үстінде түрлі оқ-дәрілерді, оның ішінде миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойды. Негізінен террористік шабуылдардан зардап шеккен жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетті. 6700 текше метрден астам суды тазартты.

бітімгер әскер
Фото: Ирактағы миссия/ kazcent.kz

Кейін 2014 жылдан бастап Қазақстанның өкілдері Батыс Сахара мен Кот-д ' Ивуардағы миссияларда штабтық офицерлер мен әскери байқаушылар ретінде қызмет етті. 2018 жылы Қазақстан контингенті мен штабтық офицерлер мандаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің миссиясына (UNIFIL) жіберілді. Осы уақыт ішінде 6 ротация жүргізілді. Оған 500-ден астам әскери қызметші қатысты. Айта кету керек, Батыс Сахарада әлі күнге дейін біздің алты бітімгер қызмет атқарады, оның ішінде екі әйел әскери қызметші бар.

2018 жылдан бастап Қазақстан бітімгерлік әлеуетін іске асырудың жаңа мүмкіндігіне ие болды. Бұл жыды қазақстандық бітімгерлер Ливанға аттанды. Тарих беттерінде алғаш рет бүкіл бөлімше, бірінші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысуға бағытталды. Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланғаны белгілі. Сол кезеңде еліміз бітімгершілік бағытта ауқымды жұмыс атқарды. Еліміздің бітімгершілік саладағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі және ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланды. Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығы біздің әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік дайындығын жоғары бағалап, БҰҰ миссияларындағы қазақстандық бітімгерлердің санын арттыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Көптеген қазақстандық офицерлер бітімгершілік қызметке қосқан жеке үлесі үшін медальдармен марапатталып, миссия қолбасшыларының атынан мақтау қағаздарға ие болды. Айта кетейік, бітімгерлерді даярлау Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының базасында жүзеге асырылады.

Әскери бітімгерлер қалай дайындалады?

Ұлттық бітімгерлік контингентінің мамандарын оқытумен және даярлаумен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) айналысады. ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгершілік операциялар орталығының басшысы, полковник Бауыржан Нығметуллин Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында әскери бітімгерлер қалай дайындалатынын айтып берді.

бітімгер әскер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Бітімгершілік операциялар орталығы 2006 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдер институтында «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу орталығы ретінде құрылған. 2010 жылы орталық Одақтастық Жоғары Трансформациялау Қолбасшылығының (SACT) штаб-пәтері болып танылды. Ал 2019 жылы UNSOC және UNPOC орталығының курстары БҰҰ-ның тиісті сертификатын алды.

Бітімгерлер кең ауқымды құзыретке ие. Орталықта олар әскери іс бойынша оқытылады, дайындық БҰҰ-ның көпұлтты миссияларындағы негізгі қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілін қарқынды үйренуден басталады. Бітімгерлер әртүрлі тілдік бағыттарда оқытылады. 2023 жылы 200-ден астам әскери қызметші ағылшын, француз, түрік және қытай тілдерінде білім алды.

Мамандар «БҰҰ бітімгершілікке кіріспе», «Миссия алдындағы дайындық», «Бітімгершілік операциялардың құқықтық аспектілері», «Қарулы қақтығыстар құқығы», «БҰҰ штабының офицерлері» және «Азаматтық тұрғындарды жан-жақты қорғау» сияқты пәндер бойынша дайындалады.

Әскери қызметшілер бітімгершілік қызметті, миссия мандатымен анықталатын бітімгершінің мәртебесі мен міндеттерін, дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ миссияның түрлі компоненттерімен, жергілікті билік өкілдерімен, БАҚ-пен және қақтығысқа қатысатын қарама-қарсы тараптармен өзара әрекеттесуді реттейтін халықаралық заңнаманы зерттейді.

бітімгер әскер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Бақылау жаттығулары барысында олар бітімгершілік міндеттер кешенін орындайды, оларды жүзеге асырудың әртүрлі әдістері мен тәсілдерін қолданады. Бұл ретте әскери қызметшілердің әртүрлі стандартты емес жағдайларда шебер әрекет ету, күрделі және күрт өзгеретін жағдайда жүктелген міндеттерді орындау қабілеттері тексеріледі.

Болашақ бітімгерлерге қойылатын талаптар

Бітімгершілік қызметі қауіпті. Сондықтан болашақ бітімгерлерге төмендегі инфографикада көрсетілген ерекше талаптар қойылады.

бітімгер
Инфографика: Kazinform
бітімгер әскер
Инфографика: Kazinform

Қазақстандық бітімгерлер қалай қамтамасыз етіледі?

Әскери бітімгерлер «Бітімгершілік қызмет туралы» Заңның 16-бабына сәйкес бітімгершілік операциясы кезінде үш еселенген жалақы алады. Қызметтің ұзақтығы мен миссия мерзімі жеке есептеледі.

Бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде, сондай-ақ бітімгершілік операциясы аймағына (ауданына) бару және кері қайту кезінде ұлттық контингент Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті есебінен азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі операцияларға қатысатын әскери қызметшілер үшін бітімгершілік операциясы аймағында болу мерзімі ұрыс қимылдарына қатысумен теңестіріледі.

Бітімгершілік операциядан оралғаннан кейін өзі қызмет ететін мемлекеттік органның қаражаты есебінен күнтізбелік 7 күннен кем емес, бірақ 21 күннен аспайтын мерзімге санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.

Қазақстандық контингент Голан жоталарына жіберіледі

2024 жылғы қаңтарда Парламенттің қос палатасы Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын мақұлдады. Оған сәйкес, Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетеді. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етеді.

бітімгер әскер
Инфографика: Kazinform

Қазақстандық әскерилер төрт операцияға қатысады - Голан биіктерінде, Оңтүстік Судан Республикасында, Абьейде, сондай-ақ Палестина мен Израиль арасындағы бітім шартының орындалуын бақылайды.

Бұл ретте БҰҰ Қазақстанға бітімгершілік миссияны өз бетінше өрістетуге және орындауға - өзінің әскери техникасымен, қару-жарақпен және мүлкімен резерв ротасы ретінде «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді қадағалау жөніндегі күштері» миссиясына мандат берді. Қазіргі уақытта онда 12 елден мыңнан астам әскери қызметші қызмет атқарады.

Қазақстанның бітімгершілік қызметі тарихында тұңғыш рет ұлттық контингент БҰҰ бітімгершілік операциясына дербес қатысады.

Голан үстірті – стратегиялық әрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания және Израильмен шектесіп жатыр. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль Кнессеті «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады, осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды. Жауапкершілік аймағында патрульдеу, бақылау-өткізу пункттерінде қызмет көрсетуді ұйымдастыру, азаматтық халыққа көмек көрсету және миссияның мандатына сәйкес басқа да тапсырмаларды орындау күтілуде. Қызмет көрсету мерзімі – 1 жыл. Бір жылдан кейін кадр ротациясы болады.

Бұл миссия қаншалықты қауіпті?

Қазақстанның тұңғыш дербес бітімгершілік контингентіне 139 әскери сарбаз барады. Олардың ішінде әртүрлі әскери персонал бар.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ротаның дайындығы жөнінде айтып берді.

«Бұл – Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізетін алғашқы дербес бітімшершілік миссиясы. Оның әскери құрамына 139 қызметші кіреді. Рота құрамына мерзімді әскери қызметшілер кірмейді. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер, офицерлер барады. Олардың барлығы алдын-ала дайындықтан өткен. Сонымен бірге БҰҰ бағдардамасы бойынша бір жыл оқытылғанын айта кеткім келеді. Біз бітімгершілік миссиясын атқаратын ротаны БҰҰ-ның талаптарына сай, қажетті жабдықтармен қамтамасыз еттік. Халықаралық комиссия дайындығымызды өте жоғары бағалады»,– деді министр.

Бітімгершілік миссиясына жіберілетін рота құрамына – бітімгершілік, барлау, инженерлі-саперлік, техникалық және медициналық бөлімшелер кірген. Яғни біздің әскерилер ешқандай шиеленіске араласпайды, ұрысқа қатыспайды. Десе де, бұл жердің даулы аймақ екенін ескерсек, қауіп те жоқ емес секілді. Осы тұста, министр әскери қызметшінің жалпы қызметі қауіпке толы екенін айтты.

«Әскерилердің қызметі онсыз да қауіпті екенін білесіздер. Тіпті бейбіт кезеңде әскерилеріміздің өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан әскерилердің өмірі үнемі қауіпсіздікте болады деп ешкім кепілдік бере алмасы анық. Сол себепті бейбітшілік миссиясы барысында түрлі жағдайлар болуы мүмкін екенін мойындауымыз керек», –деді министр.

Миссияның бюджеті қандай?

Қорғаныс министрінің айтуынша, бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 млн доллар қаражат бөлінеді. Оның өзінде бұл қаражат негізінен қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалады. Ал әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ұйым бекіткен жалақы мөлшерлемесі – 1 мың доллар. Сонымен қатар Қазақстан қорғаныс министрлігі миссияны БҰҰ-ның стандарттарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жан-жақты қамтамасыз еткен. Контингентте жауынгерлік модульдермен жабдықталған брондалған дөңгелекті машиналар, сондай-ақ күнделікті тіршілікке қажетті жабдықтар бар. Оларды қамтамасыз етуге КАМАЗдар, жол талғамайтын автомобильдер және инженерлік мүлік бар. Жаралыларды эвакуациялауға берілген машиналардың бірі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған.

«Миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілеріне ай сайынғы жалақысы үш есе көп төленетін болады. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алады. Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады. Тұтастай алғанда, Қазақстанның Қарулы күштері бітімгерлік миссияларға әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде жекелеген әскери қызметшілерді де, сондай-ақ жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік сияқты неғұрлым талап етілетін мамандандырылған бөлімшелерді де жіберуге дайын», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

әскер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорыта келгенде, он алты жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысты. Қазір 19 қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүр. Осылайша өзгермелі жаһандық жағдай мен халықаралық тұрақсыздық пен мемлекетаралық жанжалдар көбейіп тұрған уақытта Қазақстанның бітімгерлік күштері БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларында айрықша рөл атқарып отыр. Алдағы уақытта осы адалдығынан танбай, халықаралық қауымдастықтың жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты түрде ықпалын тигізе беретініне сеніміміз мол.

Соңғы жаңалықтар