Көк түтіннің салдарынан Мәскеудегі Германия елшілігі өз жұмысын шектеді

АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Германияның Ресейдегі елшілігі өз жұмысына шектеу енгізіп отыр, деп хабарлады елшіліктің сайтына сілтеме жасаған РБК агенттігі.

Көк түтіннің салдарынан  Мәскеудегі Германия елшілігі  өз  жұмысын  шектеді

«Мәскеуде қалыптасқан күрделі экологиялық жағдайға байланысты жұмысымыз уақытша шектелетін болады. Бұл шара виза беру үдерісіне де қатысты болуы ықтимал. Бұл шара тамыздың 22-сіне дейін сақталады», делінген сайтта жарияланған хабарламада.

Бұған дейін, Мәскеуді басқан көк түтіннің АҚШ елшілігінің жұмысына да әсер еткені хабарланған болатын. АҚШ-тың дипломатиялық өкілдігі ауаның қатты ластануына және аптап ыстыққа байланысты виза беруге қатысты бүгінге белгіленген әңгімелесуді кейінге ауыстырды.

Естеріңізге сала кетейік, бұрын-соңды болмаған аптап ыстық пен көк түтін Мәскеудегі басқа да шетелдік елшіліктерді жұмыс кестелеріне түзету енгізуге мәжбүрледі. Атап айтқанда, Болгария мен Израиль елшіліктері де өз жұмыстарын шектеп отыр.