Кока-кола мен Пепси-кола өзгереді
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Еуроньюс хабарлағандай, Coca-Cola Co мен PepciCo өздерінің рецептерін өзгертетін көрінеді. Өйткені олар өз өнімдерінің сыртына канцерогендердің (қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін заттектер) бар екендігі туралы жазбау үшін осындай шешімге келген екен.
Калифорния штатының жаңа заңы бойынша, аталмыш 2 өнімнің құрамындағы карамельді бояғыштарда кездесетін 4-метилимилазол канцерогендерге жатқызылды. Сондықтан компания басшылары карамель өндірушілерден 4-метилимидазолдың мөлшерін барынша азайту үшін оны дайындау технологиясын өзгертуді өтінген.
Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша зерттеу орталығының директоры Майкл Джекобсонның пікірінше, бұл қадам да жеткіліксіз.
«Сусындардың құрамында қалып отырған 4-метилимидазол бәрібір американдық нормалардан едәуір жоғары. Бұл бояғышты нарықтан мүлдем алып тастау керек!» - деп қысқа қайырды ол.
Кока-кола мен пепси-коладағы 4-метилимидазолды ең алдымен Ғылыми жетістіктерді қоғам игілігі үшін пайдалану орталығы тапқан. Ал компания қожайындары сусындарының рецептісін өзгертсе де, онда адам денсаулығына кері әсер ететіндей улы заттардың жоқтығын айтып, бет бақтырмауда. Дегенмен, кейбір ғалымдар да олардың сөзін сөйлейді.
«Аталмыш заттекті адамның осы сусындар арқылы қабылдау дозасының аздығы сонша, тіпті олардан болатын қатерлі ісік ауруының пайда болуы туралы сөз қозғаудың өзі артық», - деп ағынан жарылады токсиколог Жан-Франсуа Нарбонн.
АҚШ нарығындағы газдалған сусындардың 90%-ға жуығы Coca-Cola Co мен PepciCo еншісінде. Компания өкілдері рецептінің өзгеруі сусындардың дәміне еш әсер етпейтіндігін айтуда.