Қоқыс жинаушылар ереуілі: Бирмингемде билік әскерилерді жұмылдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның Бирмингем қаласында қоқыс жинаушылардың ереуілі салдарынан қала көшелерінде қоқыс үйінділері көбейіп, санитарлық жағдай нашарлады.

Жергілікті билік жағдайды бақылауда ұстау үшін әскери күштерді тартуға мәжбүр болған. Бұл туралы британдық The Daily Telegraph газеті дүйсенбі, 14 сәуірде дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдеді, деп жазады DW.
Қала әкімшілігінің мәлімдеуінше, әскери қызметкерлер уақытша қоқыс жинау жұмыстарын атқарады. Бұл шешім тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Қоқыс жинаушылардың ереуілі еңбек шарттарын жақсарту мен жалақыны көтеру талаптарымен байланысты. Билік пен жұмысшылар арасындағы келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.
Қала тұрғындары биліктің әрекетін әртүрлі қабылдауда. Кейбіреулері жағдайдың тұрақтануына үміттенсе, енді біреулері әскери күштердің тартылуын сынға алды.
Бирмингемдегі ереуіл 11 наурызда басталды. Содан бері қала көшелерінде 17 000 тоннадан астам қалдық жиналып қалған. Тұрғындар кеміргіштердің көбейіп кеткенінен шағымдануда.
Кәсіподақ жетекшілері қазір қаланы да, елді де басқарып отырған Ұлыбританияның Лейбористер партиясын ымыраға келуге дайын емес деп айыптайды.
Айта кетейік, бұған дейін Германияның Киль қаласы коммуналдық жұмысшылар ереуілінен кейін қоқысқа толғанын жазған едік.