Қоқысты подъезге қалдырғандар, қанша айыппұл төлейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қоқыс салынған пакетті подъезге қалдыру, саябақта бөтелке тастау немесе қоқысты жәшіктің жанына қою — қаланы ластап қана қоймай, заң бұзушылық болып саналады, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Қоқысты подъезге қалдырғандар, қанша айыппұл төлейді
Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына (Қоғамдық орындарды ластау) сәйкес, коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

— Алғаш рет құқық бұзған жағдайда 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, — деп түсіндірді министрлік.

Қоқысты подъезге қалдырғандар, қанша айыппұл төлейді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Ведомство атап өткендей, қоқысты арнайы контейнерге апарып тастау қомақты айыппұл төлеуден әлдеқайда оңай әрі тиімді.

— Барлық тұрғынды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға, тазалықты сақтауға және қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға тастауға шақырамыз, — деп ескертті Экология министрлігі.

Бұған дейін қоқысқа тасталған дәрілер табиғатқа қалай әсер ететінін жаздық.