«Көкнәр-2015» шарасы барысында қазақстандық шекарашылар 61 келіден астам героин тәркіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін «2012-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы нашақорлық пен есірткі бизнесімен күрес бағдарламасына» сәйкес елімізде өтіп жатқан «Көкнәр-2015» жедел-сауықтыру іс-шарасы барысында есірткі тасымалымен 73 адам ұсталған, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.
Аталған іс-шаралар кешені есірткінің заңсыз айналымына, марихуананы дайындауға, жинауға және тасымалдауға тосқауыл қою, құрамында есірткісі бар өсімдіктердің, есірткі заттары контрабандасының, психотропты заттар мен шикізаттардың жолын кесу мақсатында жүргізілуде.
Ұсталғандардың 38-і біздің елдің азаматтары, 12 адам ресейлік, 1 Өзбекстан азаматы, 17 адам Қырғыз республикасының азаматтары, 5-і тәжікстандықтар болып шықты. Іс-шаралар барысында 61 кг 042 гр. 800 млгр героин, 727 гр 006 млгр марихуана, 6 кг 728 гр 95,11 млгр гашиш, 1 кг төңірегінде - ақ түсті ұнтақ зат (есірткі деп танылған) тәркіленді. 2 199 кг 200 гр. жабайы кендірқурай өртелді. 0,97 га жабайы кендірқурай алқабы анықталып, жойылды.
Есірткімен күресі шаралары әрі қарай жалғасуда.