Көкпекті ауылында қаза тапқандардың отбасылары 1 млн. теңге өтемақы алады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылында су тасқыны салдарынан мерт болған жандардың отбасыларына 1 млн. теңге көлемінде өтемақы төленеді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Көкпекті ауылында қаза тапқандардың отбасылары 1 млн. теңге өтемақы алады

«Бүгін кешқұрым аймақ басшысы Бауыржан Әбдішев Көкпекті ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол қазіргі уақытта жағдайдың бақылауда екендігін, барлық зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілетіндігін мәлім етті.

Облыс әкімі ешкімнің де елеусіз қалмайтындығына сендірді. Мұнда медициналық көмек, тамақтандыру ұйымдастырылды.

«Аймақ басшысы су бөгетінің бұзылуы салдарынан ажал құшқан ауылдың 5 тұрғынының туған-туыстарына көңіл айтты. Марқұмдарды жерлеудің барлық шығынын жергілікті билік органдары көтеретіндігін жеткізді»,- делінген хабарламада.

Үйсіз қалған отбасылар мектеп пен екі жатақханаға орналастырылды.

Қазіргі уақытта ҚР ТЖМ құтқарушылары, апаттар медицинасының бөлімшелері, Азаматтық қорғаныс полкі, ішкі әскердің әскери қызметшілері, Қорғаныс министрлігі, денсаулық сақтау басқармасы, байланыс қызметі, ветеринарлық жасақ пен жергілікті атқарушы органдар су тасқыны салдарын жою жұмыстарымен шұғылдануда.