Көкпектідегі қанды оқиға: Қылмыскерлерге сот үкімі шықты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Көкпекті ауданында Қытайдан көшіп келген қазақ әулетінің екі бірдей адамын жазым еткен қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шықты. Зардап шегуші тарап бұл шешімге қанағаттанбайтындарын айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрылыс материалын сатып алушы ретінде үйге еніп, әкелі-балалы кәсіпкерлерді өлтірген Расул Ысқақов пен Сұңғат Сафаев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал оларды көлікпен тасыған Иван Федотов жеті жылға сотталды.
Бұл үкіммен марқұмдардың туған-туысқандары келіспей отыр.
«Иван Федотовқа жеті жыл ғана бергені әділетсіз. Ол тек көлік жүргізген деген желеу айтылды. Біздің ойымызша, бұл ұйымдасқан қылмыстық іс. Сондықтан үшеуіне де ең қатаң жаза берілуі керек еді. Әттең, Қазақстан заңнамасында ату жазасы жоқ. Мұндай жауыздарды халықтың салығына өмір бойы асыраудың өзі әділетсіз» - дейді кәсіпкердің інісі Жеңісхан Пәтіхан.
Кінәлаушы тараптың адвокаты Досбол Әнуарбеков сот үкімі шыққанымен, оны әлі қолға алмағанын айтты.
«Сот шешімімен әлі толық танысқан жоқпыз. Келесі аптаның басында қолымызға тиюі керек. Шешіммен толықтай танысып, азаматтық талап-арызымыз қаншалықты қанағаттандырылғанын қараймыз. Содан кейін ғана істі қайта қарау мәселесін қозғаймыз. Қылмыскерлердің үшеуіне де ең ауыр жаза сұрағанбыз. Расул Ысқақов пен Сұңғат Сафевқа қатысты жазамен келісеміз. Ал Иван Федотовқа тағайындалған жаза тым жеңіл деп есептейміз» - дейді Досбол Әнуарбеков.
Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте болған қанды оқиға туралы бұған дейін жазған болатынбыз.