Көксарай су реттегішінің сыйымдылығы 3 млрд текше метрге жеткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Көксарай су реттегішін күрделі жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көксарай су реттегішінің сыйымдылығы 3 млрд текше метрге жеткізіледі

«Бүгінде Сырдария өзенінің бассейнінде көктемгі су тасқыны кезеңі аяқталды. 1 сәуірден бастап өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттіліктері үшін Көксарай контрреттегішінен су шығарылады. Сондай-ақ, жинақтаушы сыйымдылықтардың техникалық жай-күйін жақсарту үшін Көксарай контрреттегішін қайта жарақтау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қайта жарақтау қорытындысы бойынша контрреттегіштегі судың жинақталу мүмкіндігін жобалық көлемі 3 млрд м3 дейін жеткізу жоспарланып отыр», - делінген жауапта.

Сондай-ақ, қарымта су реттегіші жыл сайын жөндеуден өтетіні айтылған.

«Бұдан басқа, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін контрреттегішті қауіпсіз пайдалану қағидаларына сәйкес жыл сайын ағымдағы жөндеу түрінде профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі», - деп жазады Әлихан Смайылов.