«Көксарай» су тоспасын салу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз ? Төтенше жағдайлар вице-министрі
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елбасы биылғы Жолдауында «Көксарай» су қоймасында тасқынды бөгейтін тоспаның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Егер жоба сәтімен жүзеге асатын болса, Сырдария өзенінің жағасында болып жататын су тасқындарының алдын алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар ол еліміздің оңтүстік өңірінің инфрақұрылымын дамытуға қосымша екпін береді», деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров. Бұл туралы ол бүгін ведомствоның алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұған қоса, тоспа оңтүстікте тұрғындарды жұмыспен қамтып, қыс мезгілінде аймақта таза судың сақталуына ықпал етеді. Сонымен қатар ол суармалы жерлерге қажетті сумен қамтамасыз етіп, қуаңшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. «Бұл дегеніңіз, өз кезегінде тұрғындарды азық-түлік тауарларымен тұрақты қамтамасыз ету. Сондай-ақ тоспа кіші Арал теңізіндегі судың тұрақты болуына әсер етіп аймақтағы экологияны жақсартады. Шардара электр стансасында қыс мезгілінде электр өндірісі 20-25 пайызға артады. Ал оның құрылысы кезінде 2 мыңнан астам азаматтар жұмыспен қамтылады. Ал ол пайдаланыла бастаған кезде қосымша тағы 30 адамға жұмыс табылады», дейді вице-министр. Оның айтуынша, республикалық бюджеттік комиссиясының шешімімен бұл инвестициялық жоба бойынша шығындар биыл 10 миллиард теңгеге арттырылды. «Қазіргі таңда аталмыш нысанды салу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Оған 22 мамандандырылған мекеме тартылған. Ал ондағы жұмысшылар саны 1 мың 700-ден асады. Олардың арасында 1 мың 200-ге жуық адам жергілікті тұрғындар. Нысанды салу жұмыстары Мемлекет басшысы мен Үкіметтің жіті назарында. Сондықтан да Төтенше жағдайлар министрлігі тоспаны уақытында іске қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», деді В.Петров.