13:50, 25 Ақпан 2012 | GMT +5
Көксарай су тоспасында екі миллиард текше метрден астам су жиналды
АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Көксарай су тоспасында екі миллиард текше метрден астам су жиналды. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңестен кейінгі брифингте Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.

Қазіргі кезде Көксарай су тоспасы тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқанына тоқталған министр, қазіргі кезде онда 2 млрд. 200 млн. текше метрден астам су жиналғанын жеткізді. Министрдің пайымдауынша, су тоспасы болмаса аталған көлемдегі су мұз үстімен ағып, елді мекендерді су басуы мүмкін еді. Бұдан бөлек, ведомство басшысы қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай қадағаланып отырғандығын айтты. Осы орайда төтенше жағдайлар ведомствосының оңтүстік өңірдегі тобы жұмыстарын жалғастырып жатқандығын жеткізді.