Көкшеде мәдени маусымашар: филармонияның 80 жылдығы атап өтілді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Сал-серілердің әні мен жырына, күйі мен өнеріне куә болған Көкше төрінде мәдени маусымашардың онкүндігі басталды. Айтулы мәдени бағдарлама Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдығына арналған бірқатар мерейтойлық шаралармен бастау алды.
Осы айтулы мерейтой аясында «Таза Қазақстан — мәдениет кеңістігінде» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Басқосуға мәдениет саласының қайраткерлері, республикалық және өңірлік мәдениет ұйымдарының өкілдері мен сала ардагерлері жиналып, ұлттық мәдениетті сақтау, өнерді дамыту, рухани құндылықтарды дәріптеу және мәдениетті қоғамның ажырамас бөлігі ретінде орнықтыру мәселелерін талқылады.
Сексен жыл ішінде филармония сахнасында дәстүрлі ән мен күй, классикалық музыка, хореография және кәсіби сахна өнерінің түрлі жанрлары көрерменге ұсынылып келеді. Өнер ордасы Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды Көкше өнерінің саңлақтарынан бастау алған дәстүрді жалғастырып, ұлттық өнерді насихаттауға елеулі үлес қосып келеді.
Мерейтойлық шарада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, филармонияның 80-ші концерттік маусымының ашылуына орай ұжым ардагерлерін, басшылығы мен шығармашылық құрамын құттықтады.
— Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80-ші концерттік маусымының ашылуына орай ұжым ардагерлерін, басшылығы мен шығармашылық құрамын шын жүректен құттықтаймын, — делінген құттықтауда.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов филармонияның 80 жылдығы өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
— Филармонияның 80 жылдығы — бір шығармашылық ұжымның мерейтойынан әлдеқайда ауқымды мәнге ие. Бұл — Көкше өңіріндегі кәсіби өнердің қалыптасуы мен дамуын, бірнеше буын өнерпаздың шығармашылық жолын сабақтастыратын маңызды белес, — деді ол.
Дөңгелек үстелде «Таза Қазақстан» бастамасының мәдениетпен сабақтастығы да сөз болды. Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, жазушы Жабал Ерғалиев бұл бастаманың қоршаған ортаның тазалығымен қатар, адамның ішкі мәдениеті мен рухани дүниесін де қамтитынын атап өтті.
«Таза Қазақстан» идеясы адамның қоршаған ортасына ғана емес, оның ішкі мәдениеті мен рухани әлеміне де қатысты. Осы тұрғыдан алғанда, мәдениет пен тазалық ұғымдары өзара сабақтасып жатыр, — деді Жабал Ерғалиев.
Мерейтой аясында еліміздің әр өңірінен келген қонақтарға Көкшетаудың мәдениет және өнер нысандарына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар өңірдің мәдени әлеуетімен, шығармашылық ұжымдардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Кешке мерейтойлық бағдарлама гала-концертпен жалғасты. Сахнада К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрлері, «Гәкку» би ансамблі мен филармония солистері өнер көрсетіп, көрерменге мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Мерейтойлық кешке арнайы қонақ ретінде Қазақстанның халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Қайрат Байбосынов, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев және күйші-композитор, халық әртісі Айтқали Жайымов қатысты.
Көкше төрінде басталған мәдени маусымашардың онкүндігі — өңірдің өнері мен руханиятын кеңінен танытып, мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған ауқымды шаралар топтамасы. Ал Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның 80 жылдығы — өткенге тағзым етіп, ұлттық өнердің сабақтастығын айшықтайтын айтулы белес.