Көкшеліктер Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар театрының қойылымын тамашалауда
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауға Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры гастрольдік сапармен келіп, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында драматург Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббатнамасын көрермен назарына ұсынды.
Аталмыш театрдың директоры - Сұлтан Срайлов, көркемдік жетекшісі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ерлан Біләлов.
Алдағы күндері театрсүйер қауымның Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы мен Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасын тамашалауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, гастрольдік сапар аясында күн сайын балаларға арналып Ө.Боранбаевтың «Ер көжек» ертегісі қойылуда.