Көкшетау қалалық соты қала әкімдігіне жеке қаулы шығарды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қалалық соты қала әкімдігіне жеке қаулы шығарды. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Көкшетау қалалық соты қала әкімдігіне жеке қаулы шығарды

Хабарламада Көкшетау қалалық соты жауынгер-интернационалистің бұзылған құқығын қалпына келтіру туралы қала әкімдігіне қойған талабы бойынша келіп түскен азаматтық істің қаралғаны айтылады.

Сотқа белгілі болғандай, Г. өзге мемлекеттің аумағында қарулы әрекеттерге қатысушы ретінде жеңілдіктер мен кепілдіктер алу бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлғалар қатарына жатады. Сондықтан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу барысында Көкшетау қаласының әкімдігі оны тұрмысы төмен отбасы ретінде емес, жауынгер-интернационалист дәрежесі бойынша тізімге қоюы қажет болатын. Бұл талапкерге Ұлы Отан соғысына қатысушылармен және мүгедектерімен тең бірінші кезекте тұрғын үй алу мүмкіндігін берер еді.

Алайда әкімдіктегілер керісінше, 2010 жылдың 25 қарашасында шығарылған сот шешімін орындау мақсатында жауынгер-интернационалисті тұрғын үйге мұқтаж жандардың №2 кезегіне қойған. Ал шындығында бұл азамат тұрғын үйге мұқтаж жандардың №1 тізімінде тұруы тиіс болатын.

Осыған ұқсас бұзушылықтарды әрі қарай болдырмас үшін сот әкімдіктің атына анықталған бұзушылықтарды жоюды міндеттейтін жеке қаулы шығарды. Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.