Көкшетау қаласының прокуратурасы «Өз үйіңді сал» жобасын қолға алды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласының прокуратурасымен «Өз үйіңді сал» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкшетау қаласының прокуратурасының дерегі бойынша қазіргі уақытта облыс орталығында жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға 12 000-нан астам азамат кезекте тұр.
Жобаның мақсаты - 2004 жылдан бастап кезекте тұрған тұрғындарға жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру және кезекті 5000 азаматқа азайту.
Қаланың жер қорында Станционный кентінде - 2 291, Бірлік шағын ауданында - 161, Сарыарқа шағын ауданында - 661, Қызыл жар ауылы мен Нұрлыкөш кентінің арасында 130 жер учаскесі бар.
Инженерлік желілерді қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Жер телімдері қала маңынан ғана беріледі.
Қазіргі уақытта жоба шеңберінде кезекте тұрған азаматтарға 300-ден астам жер телімдері берілді.