Көкшетау қаласының тұрғындары екі күннен бері сусыз отыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау тұрғындарын сусыз қалдырған 800 миллиметрлі КНС 2 кәріз құбырын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласының тұрғындары екі күннен бері сусыз отыр

Айта кетейік, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны әлеуметтік желідегі парақшасында облыс тұрғындарын ақпанның 24-і күнгі кешкі сағат 20:00-ден бастап, 25-ші ақпан күнгі сағат 14:00-ге дейін қала бойынша су беру уақытша тоқтатылатынын ескерткен болатын. Кейін бұл уақыт кешкі 20:00-ге дейін ұзартылды. Алайда, сағат 20:00-де де су берілмеді. Қазіргі кезде, қала дүкендеріндегі бутилендірліген суға деген сұраныс жоғары. Тіпті, кейбір дүкендерден 5 литрлік суды іздеп табу қиын. Тұрғындар жаппай сатып алуда. WhatsApp мессенджері арқылы Көкшетауда судың берілетін уақыты туралы түрлі әңгімелер тарап жатыр.

Көкшетау қалалық әкімдігіндегілер түсіндіргендей, апат ақпанның 24-інде түнгі сағат 00:30-да орын алған.

«Ақпанның 24-інде Бейбітшілік (Мир) көшесінің бойында диаметрі 800 миллиметрлі КНС 2 құбыры жарылды. Ұзақ уақыт (1978 жылы салынған) кәріздік коллекторларды пайдаланғандықтан құбыр майысқан. Қазіргі кезде «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнынан 25 адам мен 10 арнайы техника, Ақмола облыстық ТЖД жеке құрамынан 8 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. WhatsApp мессенджері арқылы тарап жатқан ақпаратқа сенбеңіздер. Барлық ресми ақпарат @7162akimdigi парақшасында жарияланады», - деп атап өтті Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Инстаграм парақшасында.