Көкшетау қашан «аристондар қаласы» деген атаудан құтылады
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Көкшетауда салынатын жылу-электр орталығының экологиялық қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Көкшетау қаласында жылу-электр орталығы мен жаңа кәріз жүйесі қашан салынады?», - деп сұрады БАҚ өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Марат Ахметжанов жылу-электр орталығын салу жөнінде меморандумға қол қойылғанын еске салды.
«Бұл өзі көптен күткен жоба. Өйткені, өкінішке қарай, Көкшетау қаласы өзінің жылу-электр орталығы жоқ облыс орталықтарының болып отыр. Басқаша айтсақ, халық арасында Көкшетауды «аристондар қаласы» деп атайды – әр үйде су жылытатын қондырғы орнатылған. Мен айтып тұрған меморандумның орындалуына Энергетика министрлігі жауапты. Бірақ біз де басы-қасындамыз. Жуықта ғана Энергетика министрі осы нысанды салатын мердігермен барып кездесті. Қазір сараптама жүріп жатыр, аяқталу сатысында. Осыдан кейін бірден құрылыс басталады. Оның үстіне жылу-электр орталығы қосымша жұмыс орнын береді», - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, жылу-электр орталығы халықтың электр шығындарына жұмсайтын шығындарын азайту керек.
«Бүгінде бізде жаздың өзінде электр қуатын тұтыну көлемі өте жоғары екенін білесіз. Осы бағытта да есеп жүргіздік. Жылу-электр орталығы салынғанда тұрғындардың аристонның электріне төлейтін қаражаты үнемделеді. Одан бөлек, бүгінде жылу-электр орталығы қаланы әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді. Қазір бізде екі жылу қазандығы бар. Олардың қуаты тұтас қаланы жылумен қамтамасыз етуге жетпейді. Яғни, қаланы кеңейтуге, ірі құрылыс салуға қуат тапшылығы мүмкіндік бермей келді. Салынатын жылу-электр орталығының қуаты сағаты 500 Гигакалория болады. Ол нысан осы тапшылықтың бәрін жабады. Қалада автономды жылыту нысандары да осы орталыққа жалғанады. Оның экологиялық қауіпсіздік мәселесіне алаңдайтындар болуы мүмкін. Ол жағынан бүкіл халықаралық талапқа сай болады. Өйткені оның қоршаған ортаға тастайтын шығарындысы қазіргі екі жылу қазандығы тастайтын көлемнен екі есе аз болады», - деді әкім.