Көкшетау мектебіндегі жарылғыш затқа байланысты 600-ге жуық адам эвакуацияланды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетауда қалалық №4 орта мектебінің ғимаратына жарлығыш зат қойылғандығы туралы хабарға байланысты 600-ге жуық адам эвакуацияланды.

мектеп
Фото: primeminister.kz

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, шақыру орнына полиция қызметкерлері және өзге де құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар, сондай-ақ Көкшетау қаласының шұғыл қызметтері бағытталды. 

«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оқушылар, мұғалімдер және мектеп әкімшілігі мен техникалық персоналдардан тұратын барлығы 600-ге жуық адам эвакуацияланды. Ғимаратты саперлер, жарылғыш заттар жұмыс істейтін техниктер және қызметтік иттері бар кинологтар тексеріп шықты, жарылғыш зат табылмады. Қазіргі уақытта жалған хабар берген адам іздестіріліп жатыр», - деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын және осы бап бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында астық сақтайтын қойма өртенгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар