Көкшетау мектептерінде маскүнемдер күзетші болып жұмыс істеген
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Көкшетау мектептерінде наркологиялық диспансерде есепте тұрғандар күзетші болып жұмыс істеген. Бұл туралы Көкшетау қаласының прокуратурасы мен Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, күзет ұйымдарының қызметіне жүргізілген тексеріс барысында анықталды.

Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерге қызметін көрсететін жеке ұйымдардың қызметіне тексеріс жүргізілді.
Нәтижесінде «алкогольді тұтынудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, тәуелділік синдромы» диагнозымен наркологиялық диспансерлік есепте тұрған күзетшілер анықталды.
Күзетшілердің өздеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі бөлігінде басқа да заңбұзушылықтар, сондай-ақ оларға күзетші болып жұмыс істеуге тыйым салатын баптар бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапқа тарту деректері анықталды.
«Тексеру қорытындысы бойынша Көкшетау прокуратурасы уәкілетті органға заңбұзушылықты жою, яғни кінәлілерді заң аясында жауапқа тарту және оларды мектеп күзету жұмысынан босату жөнінде ұсыныс енгізді» деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында полиция бөлімі бастығының орынбасары алаяқтық жасағаны үшін сотталғанын жазған едік.