Көкшетау мен Қарағандыдан елордаға қатынайтын электр пойыздарына көңіліңіз тола ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Астанаға қатынайтын электр пойыздарының санын көбейтуді сұрады. Осы орайда ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке тиісті сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көкшетау мен Қарағандыдан елордаға қатынайтын электр пойыздарына көңіліңіз тола ма

«Атап айтқанда, «Астана-Қарағанды-Астана», «Астана-Көкшетау-Астана» және «Астана-Павлодар-Астана» бағыттарындағы электр пойызы қатынасын жетілдіру қажет деп санаймыз. Өйткені аталмыш бағыттар бойынша электр пойызы күн сайын 2-3 рет қатынайтынына қарамастан, жолашылар оларға әсіресе аптаның жұма, сенбі, жексенбі және мереке күндері билет алу қиынға түсетіндігіне реніш білдіруде. Аталған электр пойыздарына билетті алып-сатумен айналысатын адамдар да бар көрінеді. Осы жөнінде бізге кейінгі кезде сайлаушылар тарапынан арыз-шағымдар айтылып жүр»,-деп тоқталды депутат Кәрібай Мұсырман Мәжілістің жалпы отырысы барысында.

Оның сөзіне қарағанда, жолаушылар электр пойызымен жүру әлдеқайда қолайлы әрі арзанға түсендігін ескеруді сұрап отыр. Осыған орай аталған бағыттардағы электр пойыздар санын көбейту қажеттігі туындап отырғандығы анық.

«Мұның өзі жеке көліктермен заңсыз такси қызметін көрсетумен айналысатын жүргізушілер санын кемітіп, автомобиль жолдарындағы ЖКО-ларды азайтуға, яғни жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға да оң ықпалын тигізері даусыз. «Астана-Қарағанды-Астана», «Астана-Көкшетау-Астана» және «Астана-Павлодар-Астана» бағыттарындағы электр пойыздарына жолаушылардың сұранысын зерттеп, аталған бағдарларда жұма, сенбі, жексенбі және мереке күндері қосымша пойыздарды жүргізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз»,-деп түйіндеді сөзін К. Мұсырман.