Көкшетау, Семей, Өскемен ЖЭО-лары қашан пайдалануға беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Көкшетау, Семей, Өскемен жылу электр орталықтары бойынша EPC келісімшарты қашан рәсімделетіндігін айтты.

жэо
Фото: primeminister.kz

«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей министрліктері арасында Көкшетау қаласында қуаттылығы 240 МВт, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт және Өскемен қаласында қуаттылығы 360 МВт жылу электр орталығын салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаларды іске асыру жөніндегі жауапты компаниялар болып «Самұрық-Энерго» мен «ИНТЕР РАО Экспорт» анықталды», - деді ол.

Оның айтуынша, аталған үш қаладағы жылу электр орталығын салу барысында жобаларды жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясының негізгі технологиялық жабдықтарын қолдану көзделіп отыр. Сонымен бірге жобаны қаржымен қамтамасыз ету мақсатында Ресей қаржы институттарымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта Көкшетау қаласындағы станция бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу аяқталды және Семей станциясы бойынша осы жылдың наурыз айында техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтау жоспарланған. Ал Өскемен станциясы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге кірісіп, оны 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Көкшетау және Семей станциясы бойынша EPC келісімшартқа қол қою осы жылдың 3-тоқсанына, Өскемен станциясы бойынша 2025 жылдың 1-тоқсанына болжанып отыр. Құрылыс 2027-2028 жылдары аяқталуы тиіс», - деді Қайрат Мақсұтов.