Көкшетау Smart city жүйесіне көшеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 3,8 миллиард теңгенің 29 жобасы жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев атап өткендей, «Smart city» тұжырымдамасы сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы, туристік кластерді дамыту саласында да енгізілмек.
«Көкшетау қаласы туризмнің ортасында орналасқан. Туристік кластерді дамыту үшін 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Оның басты мақсаты, жол бойындағы сервисті дамыту, туристерді тарту үшін бренд жасау, замануи жылы аялдамалар мен ақпараттық тақтайшаларды орнату, Қопа көлінің жағасын дамыту, имидждік шараларды өткізу. Қалада туризм саласында 18 туристік фирма және 26 қонақүй жұмыс істейді», - деп атап өтті қала әкімі.
Мемлекет басшысы міндеттерінің бірі - қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін «Smart city» тұжырымдамасы егізу. Бұл бағытта қоғамдық көліктерде электронды билет беру жүйесі енгізілуде. Қолма қол ақшасыз автоматтандырылған жүйеде есеп айырысу «Қолайлы маршрут» жобасы арқылы жүзеге асырылады.
Қала әкімінің айтуынша, Көкшетауда әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері орындалған. Экономиканың нақты секторы тұрақты дамуда. Өнеркәсіп орындары 105,3 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Жалпы көлем индексі 100,1 пайызды құрады. 4 миллиард 989,1 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Құрылыс саласындағы жұмыс көлемі 17,3 миллиард теңгеге жетіп, 164,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Индустрияландыру картасы аясында «Вектор комбайн зауыты» серіктестігінің жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда 96 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, аталмыш картаға енгізілгент «EurasiaGroupKazakhstan» серіктестігінің ауыл шаруашылығы техникасын сататын және қызмет көрсететін сервистік орталығының құрылысы жүргізілуде.«ENKI», «Новопэк», «Табиғи өнім» серіктестіктерінің кәсіпорындары жаңғыртылуда. «Гормолзавод» кәсіпорнында ірімшік шығаратын жаңа желі іске қосылды. Биыл құрғақ сүт өндіретін цех салынбақшы», - деген қала әкімі жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны көбейгенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, брифингте айтылғандай, өткен жылы Көкшетау қаласында бюджеттік қаржы есебінен 335 пәтерлі 8 тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 600 пәтерлі 17 тұрғын үйді пайдалауға беру жоспарланған. 200 отбасы «7-20-25» мемлекеттік ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына қатысуда.